Мазмұнға өту
· 7 қаралым

Тарихи келісім Таяу Шығыстағы дағдарысты шеше ме?

Ливандағы уақытша тыныштық құрғақ уәде емес, үлкен геосаяси ойынның алғашқы нәтижесі. Осы аптада халықаралық дипломатия тарихында күтпеген жағдай болды. Таяу Шығыстағы дауды тікелей қақтығысып жатқан Израиль мен Ливан емес, олардың артында тұрған алпауыттар – АҚШ пен Иран шешті. Қос мемлекет өзара түсіністік меморандумына қол қойып, жаһандық саудаға жан бітірді. Бірақ бұл келісім кімге тиімді? Трамптың сайлау алдындағы ұпайы ма, әлде Тегеранның дипломатиялық жеңісі ме? Қағаз жүзіндегі бейбітшілік Ливан мен Газадағы қанды қырғынды тоқтата ала ма?

Тарихи меморандум

Осы аптада халықаралық аренадағы ең маңызды оқиға – АҚШ пен Иран арасындағы қақтығысты тоқтатуға бағытталған тарихи келісім болды. Қос мемлекет өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Бұл құжат кең ауқымдағы бейбіт келіссөздерге жол ашып, Таяу Шығыстағы жағдайды тұрақтандыруы тиіс. Келісімнің алғашқы нәтижелері де белгілі – жаһандық сауда үшін маңызды стратегиялық нүкте саналатын бұғаз қайта ашыла бастады.

ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:

Келісімге қол қойылғанын қуана хабарлаймын. Барлық уағдаластықтар бекітілді. Бұғаз ішінара ашылды. Өздеріңіз білетіндей, олар бірнеше минаны іздеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Негізінде кемелер қазірдің өзінде теңізге шыға бастады. Жұмадан кешікпей бұғаз толық ашылады.

Бастапқыда құжатқа 19 маусымда Женевада екі ел басшыларының жеке кездесуінде қол қойылады деп күтілген еді. Алайда рәсім қашықтан өтті. Дональд Трамп құжатты Франция президенті Эммануэль Макронның шақыртуымен «Үлкен жетілік» саммитінен кейін Версаль сарайында бекітсе, Иран президенті Масуд Пезешкиан оған Тегеранда отырып қол қойды.

Пәкістанның бітімгерлігімен жасалғандықтан, құжат «Исламабад меморандумы» деген атау алды. 14 тармақтан тұратын келісім сәуір айында жарияланған атысты тоқтату режимін түпкілікті бітімге келу үшін тағы 60 күнге ұзартады. Иран тарапы бұл оқиғаны өздерінің үлкен дипломатиялық жеңісі ретінде бағалап отыр.

ЭСМАИЛ БАҒАИ, ИРАН СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:

Біз маңызды оқиғалардың куәсі болдық. АҚШ пен сионистік режимнің Иранға барлық майданда, соның ішінде Ливанда таңған соғысын тоқтату туралы меморандумның бекітілуі өте маңызды қадам. Бұл Иран халқының екі бірдей агрессорға қарсы төзімділігі мен қайсарлығының жемісі. АҚШ осы меморандум аясындағы міндеттемелерін орындауы тиіс.

Сарапшылардың пікірінше, бұл меморандум Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхудың ұзақ жылғы қауіпсіздік стратегиясына жасалған үлкен соққы болды. Келісімнің шарттарына сәйкес, Вашингтонның қысымымен Израиль аймақтық саясатын шектеуге, тіпті оңтүстік Ливаннан әскерін шығаруға мәжбүр болуы мүмкін.

ДЖОНАТАН РИНХОЛЬД, БАР-ИЛАН УНИВЕРСИТЕТІНІҢ АҒА ҒЫЛЫМИ ҚЫЗМЕТКЕРІ ЖӘНЕ САРАПШЫ:

Израиль бұл келісімнің тікелей қатысушысы болмаса да, онымен санасуға мәжбүр. Өйткені АҚШ оның басты одақтасы әрі қару-жарақ жеткізушісі. Америка Құрама Штаттары бұл келісімге қарсы ештеңе істемеуі үшін Израильге дипломатиялық қысым жасайды. Бұл Израиль келісімнің әрбір элементіне бағынады деген сөз емес, бірақ жалпы алғанда, ол осы жағдайға көндігуі керек.

Саяси сарапшылар құжатты талдай келе қызықты парадоксты байқаған. Бір қарағанда, меморандум Тегеран үшін өте тиімді. Иран айтарлықтай қаржылық жеңілдіктерге ие болып, позициясын біршама жақсартып алғандай көрінеді. Бірақ екінші жағынан, Дональд Трамп бұл қадамға ішкі саяси ұпай жинау үшін барды деген де болжам бар. Алда АҚШ-тың құрылғанына 250 жыл толуына орай өтетін үлкен мереке және қараша айындағы Конгреске аралық сайлау келе жатыр.

Қалай болғанда да, қос тарап мәмілеге келуге мәжбүр болды дейді отандық сарапшылар.

ЖАНАТ МОМЫНҚҰЛОВ, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕР БОЙЫНША САРАПШЫ:

Екі тарап та қазір соғысуға мүдделі емес деп ойлаймын. Бірақ егер Иран тарапы соңына дейін келіспей, қайтпайтын болса, Америкада күш қолданудан басқа амал қалмайды деп ойлаймын. Әрине, екі тарап та соғысты тоқтату үшін консенсусқа келіп қалды деп ойлаймын.

Таяу Шығыстағы дағдарыс

АҚШ пен Иран арасындағы бейбіт меморандум Ливандағы соғысты тоқтатады деген үлкен үміт бар. Алайда қағаз жүзіндегі келісімдерге қарамастан, жергілікті халық, әсіресе балалар үшін жағдай өте ауыр күйінде қалып отыр. БҰҰ Балалар қорының мәліметінше, наурыз айының басында Израиль мен «Хезболла» арасындағы қақтығыс ушыққалы бері Ливанда 247 бала қаза тауып, 1000-ға жуығы жараланған. 770 мыңнан астам бала зорлық-зомбылықтың психологиялық зардабын шегуде. Осыған байланысты ұйым атысты дереу тоқтатып, гуманитарлық көмекке жол ашуды талап етті.

Дегенмен, дипломатиялық қадамдарға қарамастан, Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Израиль әскері Ливан, Сирия және Газа секторындағы «қауіпсіздік аймақтарында» қажет болғанша қала беретінін кесіп айтты. Бұл ұстаным БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің өте шиеленісті өткен отырысында да үлкен дау тудырды. Жиында АҚШ пен Израиль ХАМАС-ты қарусыздандыруды қатаң талап етті.

Алайда халықаралық одақтастар Израильді бітімгершілік режимін бұзып, өмірлік маңызы бар гуманитарлық көмекке тосқауыл қойды деп айыптады. Палестина елшісі Рияд Мансур бітім күшіне енгелі Израиль мыңнан астам палестиналықты өлтіргенін айтып, Газадағы әрбір төртінші бала аштықтан азап шегіп жатқанын жеткізді. Әлем назары футболдан әлем чемпионатына ауған тұста, Таяу Шығыстағы қарапайым халықтың арманы тым қарапайым.

БУШРА ХАЛИДИ, ПАЛЕСТИНА АУМАҒЫНДАҒЫ OXFAM ҰЙЫМЫНЫҢ САЯСИ МӘСЕЛЕЛЕР ЖӨНІНДЕГІ БАСШЫСЫ:

Әлемнің түкпір-түкпірінен келген командалар футбол ойнау үшін жиналып жатқанда, палестиналықтар қарапайым ғана нәрсені сұрайды: өмір сүру, еркін жүріп-тұру, үйлеріне оралу және қираған дүниені қайта қалпына келтіру. Біздің балаларымыз доп тебу үшін өмірін қатерге тікпеуі керек. Балаларымыз тағы бір күнді аман-есен өткізсе екен дейміз. Бұл қатыгездік тоқтатылуы тиіс.

Осылайша, Женева мен Версальда жасалып жатқан жоғары деңгейдегі саяси келісімдер мен Таяу Шығыстағы қанды шындық бір-бірімен қабыспай тұр. Алпауыт мемлекеттер үлкен геосаяси ойын жүргізіп жатқанда, қарапайым халықтың бейбіт өмірге деген үміті әзірге тек үміт күйінде қалып отыр. Бұл аптаның басты оқиғалары осындай.

← Барлық жаңалықтар