Мазмұнға өту
· 7 қаралым

Мемлекет басшысы Саида Мирзиёеваны қабылдады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кеше Өзбекстан президенті әкімшілігінің басшысы Саида Мирзиёеваны қабылдады. Президент сөз басында бұл сапар Астана мен Ташкенттің стратегиялық серіктестігін ілгерілету тұрғысынан ерекше мәнге ие екенін атап өтті.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Сіздің сапарыңыз Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы ортақ ынтымақтастықты дамыту үшін өте пайдалы болады деп санаймыз. Біздің саяси жүйелерімізде президент әкімшіліктері айрықша рөл атқарады. Мен әкімшіліктер арасындағы жұмыс қатынастарының жанданғанын әрдайым қолдаймын. Бір-бірімізбен байланыстарымыз артқан сайын Орталық Азиядағы тұрақтылық, өңірлік ықпалдастық нығая түседі.

Мемлекет басшысы биыл елімізде цифрландыру және жасанды интеллектке ерекше мән беріліп жатқанына тоқталды. Сондай-ақ кездесуде екі елдің сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы серіктестігін одан әрі кеңейту мәселелері жан-жақты талқыланды. Қазақстан мен Өзбекстанда қолға алынған жүйелі саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар жөнінде пікір алмасу да өтті. Өз кезегінде Саида Мирзиёева кездесуге мүмкіндік жасағаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты.

САИДА МИРЗИЁЕВА, ӨЗБЕКСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ПРЕЗИДЕНТІ ӘКІМШІЛІГІНІҢ БАСШЫСЫ:

Сізге Өзбекстан президентінің ізгі сәлемін жеткізуді зор мәртебе санаймын. Өзбекстан мен Қазақстан Орталық Азиядағы тұрақтылық және орнықты даму жолында бірге жұмыс істеп жатыр. Оның нәтижесі байқалады. Біз бірлесе отырып, аймақ үнін жаһандық аренаға жеткізе аламыз. Өзбекстан бүгін де бауырлас Қазақстанда жүргізіліп жатқан өзгерістерді құптайды. Қазақстан – сенімді одақтасымыз. Бұл жайында ұдайы айтып келеміз.

← Барлық жаңалықтар