Қазақстанның мемлекеттік қарызы қанша екені белгілі болды. Бүгін Мәжіліс пен Сенаттың бірлескен отырысында депутаттар 2025 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы Үкіметтің есебін тыңдады. Баяндама жасаған Қаржы министрі Мәди Тәкиев мемлекеттік борыш белгіленген деңгейде тұр деп мәлімдеді. Есепке сенсек, еліміздің өзге елге қарызы 36,4 трлн теңге. Сондай-ақ ведомство басшысы бюджет кірісіне, салық түсімдеріне тоқталды.
МӘДИ ТӘКИЕВ, ҚР ҚАРЖЫ МИНИСТРІ:
Республикалық бюджеттің кірістері жоспардан 99 пайызға орындалып, 21,4 трлн теңгені құрады. Оның ішінде республикалық бюджеттің меншікті кірістері, трансферттерді есептемегенде, 15,3 трлн теңгеге жетті. Салықтық түсімдер 2,2 трлн теңгеге немесе 17,5 пайызға өсті. Атап өту керек, жалпы өсім экономиканы кеңейту, корпоративтік табыс салығын 880 млрд теңгеге, қосылған құн салығын 932,5 млрд теңгеге түсімдердің ұлғаюы, импорттың өсуі, сондай-ақ әкімшілендіру тиімділігінің артуы есебінен қамтамасыз етілді.
ОТВ: Сондай-ақ депутаттар экономика көрсеткіші 6 пайыздан асқанымен, халықтың табысы неліктен екі пайызға төмендеп кеткенін сұрады. Бұған жауап берген Премьер-министр Олжас Бектенов былтырғы инфляция деңгейі күнкөріске айтарлықтай әсер еткенін айтты. Бірақ соған қарамастан, бірқатар салада халықтың нақты табысында өсім бар екенін алға тартты.
ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
Мысалы, ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің табысы 9,3 пайызға, сауда, байланыс, сумен жабдықтау және энергетика салаларында орташа есеппен 4 пайызға өсті. Көлік саласындағы табыс деңгейі де 5-тен 10 пайызға дейін жеткен. Биыл Үкімет инфляцияны төмендетумен қатар, азаматтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған арнайы кешенді жоспарды іске асыруды көздеп отыр. Халықтың табысын арттыру бойынша жеке жоспар қабылданды.