Мазмұнға өту
· 3 қаралым

Автомектептердің жауапкершілігі артты

Былтыр елімізде 140 мың жол апаты тіркелген. Еліміздегі әрбір бесінші көлік иесі соқтығысып, түрлі ситуацияға тап болады екен. Ал қаза тауып, мүгедек болып жатқандардың статистикасы артпаса, азаймай тұр. Сонда рөлге қонжиғандардың көбі ережені әдейі елемей ме, әлде олар автомектептерде дұрыс оқытылмай ма деген сұрақ туады. Автомектеп демекші, қазір көлік жүргізуге баулитын ұйымдарға талап күшейді. Енді бұрынғыдай оңды-солды құжат табыстап, сабақты жүрдім-бардым өткізе алмайды. Тіпті апат болса да, автомектеп жауап беретін болады.

Салтанат Аметхан біраз автомектептің табалдырығын тоздырып, талай курстардың жай-жапсарын зерттепті. Жасы жиырмадан асқан бойжеткен темір тұлпар тізгіндеуді мақсат еткен. Ол жазғы демалысты босқа өткізбей, қалайда рөлге отырып, жүргізуші куәлігін алуды көздеп отыр.

САЛТАНАТ АМЕТХАН, КУРСАНТ:

Осы автошколаны таңдаған себебім, бұл оқытушылардың біліктілігіне мән бердім. Осы оқытушының материалдарды жақсы әрі тиянақты түсіндіруіне мән бердім. Сонымен қатар, қазіргі таңда біз жол жүру қауіпсіздігі және жолдағы жауапкершілікті де үйренеміз.

Жалпы көлік жүргізуді үйренемін деген адамға автомектеп көп. Ресми дерекке сәйкес, қазір елімізде 727 оқытатын орталық бар екен. Сан бар, бірақ сапа қандай? Міне, мәселе осында. Заманның кең шағында көптеген кәсіпкер eGov арқылы бір жапырақ хабарлама жібере салып, еш бақылаусыз, алдын ала тексеріссіз-ақ автомектеп ашып алған. Сол жүйесіздіктің кесірінен жолға шыққан кей жүргізушілердің білім-біліктілігі төмен дейді мамандар. Бұл мәселе Парламентке жетіп, заң жобасы талқыланып жатыр. Енді бұл салада тәртіп күшейіп, рұқсат беру режимі енгізілмек. Яғни автомектеп ашамын деген адам алдымен лицензия алуы керек болады. Жауапкершілікті бірінші орынға қоятын орталықтар бұл бастаманы қолдап отыр.

ДАНИЯР АЛИАКБАРОВ, АВТОМЕКТЕПТІҢ ДИРЕКТОРЫ:

Қазіргі таңда автомектептер көп, сондықтан олардың жұмысын лицензиялау маңызды. Лицензиясы бар жер теория мен практиканы оқытатын мұғалімдер міндетті түрде білікті әрі сертификатталған болады. Өйткені олар болашақ жүргізушілерді дайындайды ғой, ал курсанттар ертең жолға шығады. Қауіпсіздік те олардың алған сапалы біліміне байланысты. Көп жол-көлік оқиғалары жүргізушілердің дұрыс оқытылмауынан болады. Сондықтан автомектептерді лицензиялау енгізілсе, оқу орындары бұл мәселеге анағұрлым жауапкершілікпен қарар еді.

Бұл өзгеріс бекер емес. Ішкі істер министрлігінің жүргізген тексерісі кезінде саладағы талай былықтың беті ашылды. Бір жерде материалдық базасы талапқа сай болмай шықса, енді бірінде көлік құралдарының ақауы анықталған. Тіпті жүздеген оқу орталығының жұмысы уақытша тоқтатылыпты.

АҚТОТЫ БОРАНОВА, ІІМ ӘКІМШІЛІК ПОЛИЦИЯ КОМИТЕТІНІҢ ЕРЕКШЕ ТАПСЫРМАЛАР ЖӨНІНДЕГІ АҒА ИНСПЕКТОРЫ:

Жүргізушілерді даярлау үшін міндетті техникалық тексеруден өтпеген және сақтандыру полисі жоқ автокөлік пайдаланған 59 оқу ұйымы анықталды. Нәтижесінде бүгінгі күні ІІМ әкімшілік полиция комитеті автомектептердің 701 оқу тобының жұмысының тоқтатты.

Жауаптылардың діттегені – қара жолдағы қасіреттің бетін қайтару. Өйткені жыл сайын мыңдаған адам жарақат алып, жүздеген тағдыр қыршыннан қиылады. Қысқасы, статистика көңіл көншітпей тұр. Сондықтан халық қалаулылары жүргізуші даярлайтын мекемелерге талапты күшейту арқылы апат санын азайтамыз деп үміттенеді.

НАРТАЙ СӘРСЕНҒАЛИЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

Бұл біздің елдегі жол тәртібін ретке келтіреді. Өйткені жүргізушілердің барлығы сауатты болса, жүргізушілердің барлығы білікті болса, жүргізушілердің барлығы апатты жағдайларды көріп отырса, бұл мәселе үлкен шешімін табады деген ойдамын.

Тағы бір өзгеріс бар. Енді автомектептер курсантты оқытып-тоқытып, қолына куәлігін ұстатып, «жолың болсын» деп шығарып сала алмайды, қысқасы жауапкершіліктен жалтармайды. Жаңа заң талабы бойынша оқу орны өзі тәрбиелеген түлектің жолдағы жүріс-тұрысына, жіберген қателігі мен мәдениетіне тікелей жауапты болып қалады.

НАРТАЙ СӘРСЕНҒАЛИЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

ІІМ апат орын алған кезде барғанда ортақ база құрдық дедік қой. Сол ортақ база арқылы сол апатқа ұшыраған, апатқа себепкер болған, жол ережесін бұзған жүргізушінің қай автомектепте оқығанын көре алады. Міне, қараңыз, бір жылда сіз 500 адамға жол жүру куәлігін бердіңіз, 400-і апатқа ұшырады. Кешіріңіз, демек сіздің біліміңіз сапасыз деген сөз. Автоматты түрде әлгі автомектеп лицензиясынан айырылады.

Шынында да, жол белгісінің мағынасын білмейтін, қарапайым ережеден жаңылатын жүргізушілер бар екен. Біз бұған бірер сұрақ қойып, білімін сынағанда көз жеткіздік.

РУСЛАН АСАУБАЕВ, АВТОСАРАПШЫ:

Автомектептердің ғана жауапкершілігі емес, бұл мемлекет, қоғам, әрбір жүргізушінің жеке жауапкершілігі. Себебі жүргізуші куәлігін алу тек құжат алу емес қой. Ол қоғамға деген жауапкершілік. Өзінің тасымалдап жатқан жолаушыларына деген жауапкершілік. Сол жауапкершілікті сезінсе деймін. Бізде жалпы жүргізуші мәдениеті, водительское солидарность культура дейді, осы мәдениет төмен деңгейде деп ойлаймын.

ҚУАТ ҚҰДАЙБЕРГЕН, ТІЛШІ:

Жүргізуші куәлігі – жай ғана құжат емес. Ол жолдағы қауіпсіздікке берілетін сенім мандаты, әрі әр жүргізушінің мойнындағы үлкен жауапкершілік. Темір тұлпар тізгіндеу байып пен қырағылықты талап ететін іс. Ал сол сенімнің салмағын көтере алмайтындар көбейсе, оның зардабын бір адам емес, бүтін бір қоғам тартады. Сақтансаң сақтайды!

← Барлық жаңалықтар