Мазмұнға өту
· 5 қаралым

Жойқын жер сілкінісі

Бұл апта әлем халқы үшін табиғаттың тосын мінезі мен түрлі сынақтарға толы болды. Жер шарының бір бұрышында жер сілкініп, ғимараттар қираса, екінші жағында адам төзгісіз аптап ыстық жұртты қинап қойды. Ал Африка құрлығында қауіпті вирус қайта бас көтеріп, жаһандық қауіпке айналу алдында тұр. Венесуэладағы он мыңдаған адамның өміріне қауіп төндірген қос зілзала, Токионы дүрліктірген жерасты дүмпуі және Еуропаны тұншықтырған 40 градустық ыстық. Сондай-ақ әзірге дауасы табылмай жатқан Эбола індетінің жаңа толқыны.

Венесуэланың солтүстігі мен орталық бөлігінде магнитудасы 7,2 және 7,5-ке тең қатар екі жойқын жер сілкінісі болды. Табиғи апаттан ел астанасы Каракаста тұрғын үйлер мен ғимараттар жаппай қирады. АҚШ Геологиялық қызметінің болжамы бойынша, құрбандар саны 10 мыңнан 100 мың адамға дейін жетуі мүмкін. Reuters агенттігі мен елдің Ішкі істер министрлігі жағдайдың өте ауыр екенін мәлімдеді.

МАРИЯ АЛЕХАНДРА, ЗАРДАП ШЕККЕН ТҰРҒЫН:

Кенеттен бәрі шайқала бастады. Қабырғалар сөгіліп кетті. Есікті әрең ашып үлгердік. Айналаның бәрін қою түтін мен шаң басып, ештеңе көрінбеді. Төменге түскендегі көрініс қорқынышты фильмдегідей болды. Үйінділердің үстімен өтуге тура келді. Далада ғимарат әкімшісі мен басқа да көршілер жүрді. Бірақ менің көз алдымда сол ғимараттан тек бір ғана отбасы аман шыға алды.

Қорқынышқа бой алдырған тұрғындар жаппай қауіпсіз жерге қашуда. Каракас сейсмикалық белдеуде орналасқанмен, мұндай алапат зілзала көптен бері болмаған еді. Баспаналары көз алдында жермен-жексен болған халықтың жағдайы өте мүшкіл.

ВИЛИО ГОНСАЛЕС, ЗАРДАП ШЕККЕН ТҰРҒЫН:

Бағымызға орай, мен, әйелім және немерем пәтерімізден уақытында шығып үлгердік. Қайтып келсек, көпқабатты ғимаратымыз толығымен қирап қалыпты. Көршілеріміз де аман қалды деп үміттенемін. Не айтуға болады? Каракастағы қаншама отбасы дәл осындай жағдайда баспанасыз қалды. Бұл аймақта көптен бері мұндай дүмпулер байқалмаған еді.

Елдегі апатты жағдайға байланысты Венесуэла президентінің міндетін атқарушы Дельси Родригес төтенше жағдай жариялады. Құтқарушылар үйінді астынан тірі қалғандарды іздеуді тоқтаусыз жалғастыруда. Сондай-ақ ғимараттарының зақымдануына байланысты бірқатар мемлекеттік нысандар жұмысын тоқтатты.

ДЕЛЬСИ РОДРИГЕС, ВЕНЕСУЭЛА ПРЕЗИДЕНТІНІҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:

Халқымыз үшін өте ауыр жағдай. Жақындарынан айырылған отбасыларға қайғыра көңіл айтамыз. Тұрғындардан барынша бірлікте болуды сұраймыз. Қатты зақымдалған үйлерден дереу эвакуациялану қажет. Қазіргі уақытта Азаматтық қорғаныс және Ұлттық төтенше жағдайлар қызметі толық жұмылдырылды.

Әзірге билік өкілдері қаза тапқандар мен жарақат алғандардың нақты санын ресми түрде жариялаған жоқ. Апат аймағындағы іздеу-құтқару операциялары жалғасып жатыр.

Тақырып: Жапонияда жер сілкінді. Венесуэладағы зілзаладан кейін табиғи апат Жапонияны да айналып өтпеді. Елдің солтүстік-шығысында магнитудасы 6,9-ға тең күшті жер сілкінісі болды. Метеорологиялық агенттіктің хабарлауынша, дүмпу ошағы Иватэ префектурасы маңында Тынық мұхиты жағалауында 50 шақырым тереңдікте орналасқан. Абырой болғанда, цунами қаупі жарияланған жоқ. Жапондық сейсмикалық шкала бойынша сілкініс күші кейбір аймақтарда 6-7 баллға дейін жеткен. Мұндай жағдайда адамдардың тік тұруы мүмкін емес. Жерасты дүмпулері Токио қаласы мен бірнеше префектурада анық сезілді. Аймақтағы барлық атом электр станциялары, соның ішінде «Фукусима» нысандары қалыпты режимде жұмыс істеп тұр, ешқандай ауытқу немесе зақымдану тіркелген жоқ. Елдің премьер-министрі Санаэ Такаичи үкімет апат салдарын жіті бақылауда ұстап отырғанын айтып, тұрғындарды қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға шақырды.

Еуропада аптап ыстық

Еуропада қапырық ауа райы орнап, термометр бағаны күрт көтерілді. Германияда биылғы ең жоғары көрсеткіш тіркеліп, ауа температурасы 40 градусқа дейін жетті. Синоптиктердің айтуынша, оңтүстіктен келген жылы ағын жергілікті экожүйеге, соның ішінде Рейн өзеніндегі балыққа да қауіп төндіруде. Мұндай табиғи құбылыс жергілікті халық үшін нағыз сынаққа айналды.

ЮРГЕН, ТҰРҒЫН:

Аптап ыстық, шыдау мүмкін емес. Температура 40 градусқа дейін жетуі ықтимал. Біздің аймақ үшін бұл өте сирек кездесетін жағдай. Мұндағы ғимараттардың көбі 35 градустан жоғары ыстыққа есептелмеген. Егер ыстық осылай жалғаса берсе, егде жастағы адамдарға өте ауыр болады.

Ал Бельгияда аптап ыстықтың салдарынан ескірген теміржол инфрақұрылымы істен шыға бастады. Елде бірнеше күнге созылатын «қызғылт сары» деңгейдегі қауіп жарияланды. Ұлттық теміржол операторы апта бойы күніне 100-ге жуық пойыз қатынасын тоқтатуға мәжбүр. Электр желілері істен шығып, вагондардың іші адам төзгісіз қапырыққа айналғандықтан, тұрғындар барар жеріне жете алмай әлек.

ЛИЗА, ЖОЛАУШЫ:

Мен мұнда 20 жыл тұрамын. Мұндай ұзаққа созылған аптап ыстықты бірінші рет көруім. Иә, үлкен мәселелер туындап жатыр: пойыздар кешігеді немесе мүлдем тоқтатылады. Қазір менің пойызым 12 минутқа кешігіп тұр. Жағдай бұдан да нашар болуы мүмкін еді.

Францияны да рекордтық ыстық шарпыды. Елдің 72 департаментінде «қызыл» деңгейдегі дабыл қағылып, оның салдары 50 миллионнан астам адамға тиіп отыр. Мемлекет бойынша орташа температура 1947 жылдан бергі ең жоғары шекке жеткен. Парижде ауа райы 43 градусқа дейін көтеріліп, туристердің сүйікті орны Лувр мұражайы жұмыс уақытын қысқартты, Эйфель мұнарасына көтерілу де қиындаған. Ауа температурасының күрт көтерілуі Чехияда да байқалады. Прага тұрғындары аптаптан қорғану үшін жылқыларын Бероунка өзеніне әкеліп, суға түсіруде. Жергілікті билік тұрғындарды күн көзінде көп жүрмеуге және жиі су ішуге шақырады. Мамандардың болжауынша, бүкіл Еуропаны қамтыған бұл қалыпсыз ыстық әлі де бірнеше күнге созылады.

Эбола індеті жылдам тарап жатыр

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Эбола індетінің таралу қарқыны оған қарсы іс-қимыл шараларынан асып түсіп жатқанын мәлімдеді. Конго Демократиялық Республикасында өршіген Эбола індетін жұқтырған 1094 жағдай тіркеліп, оның 277-сі өліммен аяқталған. Сонымен қатар көршілес Угандада 20 адамның вирус жұқтырғаны расталып, екі науқас көз жұмған. Індетке қарсы шараларды күшейтіп, ауруды бақылау және ерте анықтау мүмкіндіктерін арттыру әрекеттеріне қарамастан, айтарлықтай қиындықтар әлі де бар. ДДҰ басшысы қауіпті вирустың таралу қарқыны алдын алу шараларына бой бермей жатқанын қатаң ескертті. Қазіргі індет Эбола вирусының «Бундибугио» штаммынан туындаған. Бұл штамға қарсы ресми бекітілген вакцина немесе нақты емдеу тәсілі әлі жоқ. Айта кетейік, мамыр айының ортасында жарияланған бұл жағдай – Конго Демократиялық Республикасында Эбола індетінің осымен 17-ші рет қайта өршуі. Қауіпті ауру елдің шығыс аймағын жайлап, көршілес Угандаға да таралып үлгерді.

← Барлық жаңалықтар