Мазмұнға өту
· 6 қаралым

Айлықтан шайпұл артық па?

Құрылыс сапасына мердігерлердің де кейде тікелей кінәсі жоқ. Білікті маман тапшылығы да бұл саладағы олқылықтың көбеюіне сеп болып отыр. Өйткені жастардың жұмыс таңдаудағы талғамы өзгерді. Қыз-жігіттер соңғы кездері кеңседе отырып қызмет етіп, бір айлыққа байланудан бойын аулақ ұстайтын болған. Таңғы тоғыздан кешкі алтыға дейінгі график олар үшін азап көрінеді. Одан да курьер болып күнбе-күн ақша алып, кофе құйып, шайпұлға шалқып өмір сүргенді дұрыс деп санайды екен. Тар кабинетте тынысым тарылып, жыл он екі ай өзгермейтін жалақыға тәуелді болғанша, табысы тез, еркіндігі мол жерде жүріп тер төккенім артық дейді олар. Әлбетте, таңдау мен талғамға талас жоқ. Дегенмен бұл тенденция маман тапшылығын тудырмай ма? Еңбек нарығы үшін жаңа үрдіс қаншалықты қауіпті?

Жансейт Ермеков еріккеннен бариста болып жүрген жоқ. Қатарда қалудың, қаптаған несиені жабудың жалғыз жолы осы. Өйткені айлығы тәуір. Бүгінде табақтай қос дипломы тұтамдай тірлікке жарамай тұр. Тәжірибенің жоқтығы аяққа тұсау болғаны бір. Мамандықпен жұмыс істеуге танысың болмаса, табысың артпайды деп кейиді.

ЖАНСЕЙТ ЕРМЕКОВ, ЖАС МАМАН:

Оқу болғанымен, диплом болғанымен көп жерде тәжірибе сұрайды. Сол жағынан қиын. Егер таныс болса, ол жерде әңгіме басқаша болар еді. Үкіметтің жұмысы жаман емес, жақсы. Бірақ сол жаңағы айтқанымдай, дәрежең болып көтерілмесең, ол кезде кішкене аздау айлық аласың. Аз айлықпен алысқа бармайсың. Бариста жұмысы негізі өзіме ұнайды. Кішкене тазалау, ыңғайлы. Коллектив жас балалар. Өзіммен жасты балалар жүреді.

Сол себепті қазіргі таңда тұрақты жұмысқа тұра ұмтылатындардан гөрі платформалық қызметке ентелейтіндер көп. Сөмке асынып көшеде жүргендер мен саудаға білек түргендердің дені жастар. Себебі қоғамда мұндай мамандықтарға сұраныс көп. Ал бүгінгі буынның қызметтің ішіне үңілмей, таңдаған мамандығынан түңіліп кетуіне бірнеше себеп бар.

ӘСЕМ КАЙДАРОВА, ӘЛЕУМЕТТАНУШЫ:

Бірінші – жастардың құндылықтарының өзгеруі. Яғни жастар тез байығысы келеді, тез ақша тапқысы келеді. Екінші – әлеуметтік-экономикалық сұраныс. Қоғамда осындай қызметтерге деген сұраныстың артуы. Яғни қазір платформалық қызмет дейді ғой. Осындай қызметтерді еңбек нарығы көп ұсынғандықтан, жастар да осыған тез бейімделіп кетті. Үшінші себебі – жаңағы инфляция, өмір сүрудің қиындауы.

Әлеуметтанушы болашақта қауіп барын ескертті. Ал кедейлік қаптаған қоғамның кері кететіні белгілі. Министрдің өзі мәселенің барын мойындап отыр.

АСҚАРБЕК ЕРТАЕВ, ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРІ:

Біздің еліміздегі азаматтарымыз ЖОО бітіріп, ары қарай таксист болып жұмыс істеп жатқаны деген неге ондай себеппен? Иә, ондай мәселе жалпы бар. Біз оны білеміз. Бірақ ЖОО бітіру – ол ең кемі таксистік жұмыс емес. Ол деген өзін жаңағы даярлау жұмыстары мен оқу жағынан өтсе, нақты сіз айтқан сұраныс маманы бола алады.

Еңбек министрлігінің дерегінше, елімізде жастар арасындағы жұмыссыздық 3 пайызды құрап отыр. Оларды тұрақты қызметпен қамту үшін мансап орталықтары құрылған. Бір ғана басқаланың өзінде жылына 5 мыңға жуық адам осы мекеменің қызметіне жүгінеді. Тіпті тәжірибесізге тәлім беру үшін «Жастар практикасы» бағдарламасы іске қосылыпты. Соның негізінде 130 мың айлық беріп, тәлімгер тағайындап, қолдан келгенше қолғабыс етеді.

АИДА ЖАМАНҒАРИНА, ҚАЛАЛЫҚ ЕҢБЕК МОБИЛЬДІЛІГІ ОРТАЛЫҒЫ КММ ЕСІЛ, НҰРА АУДАНДАРЫНЫҢ МАНСАП ОРТАЛЫҒЫ ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Қазіргі таңда бізге жастар келеді жұмыс іздеп. Бірақ қазіргі жастардың талабы – жалақы жоғары болуын талап етеді және кестесін сұрайды. Қазіргі таңда проблема – жастар көбінде уақытша жұмыстарға кетіп қалып жатыр. Оның себептері кейбірде мамандықты алғанда ата-ана таңдап береді. Ол дипломды алады, бірақ сол дипломмен жұмыс жасағысы келмейді.

Жыл басынан бері 75 мың жас жұмысқа орналасса, олардың 50 мыңы тұрақты жұмыспен қамтылған. Алайда нарықтың ауанын аңдап, мамандыққа сай жұмыс таңдап бергенімен, көбі мансабы тәуір саланы көздейді. Жайлы кеңседе, креслода теңселе отыруды құп көреді екен.

ЖАҚСЫЛЫҚ ЖАСҰЛАНҰЛЫ, ТІЛШІ:

Қазіргі жастар жұмыстың еркін болғанын қалайды. Кәсіптік мамандықты менсінбей, оны қара жұмысқа балайды. Алайда қолайлысын таңдаймын, жалақысы аз болса бармаймын деп кеуде кермей, тұрақты қызметтің тұғырына көтерілу болашақтың кепілі болса керек.

Солардың бірі – Темірлан Кайнулдин. Ол тегін оқу мен тілдей диплом үшін балалық арманынан бас тартпаған. Қателесуге болмайтын, қауіпті қызметте жүргеніне биыл үшінші жыл. Таңғы жеті жарымнан екінтіге дейін елдің жарығын жалғап, ағайынның алғысына бөленіп жүр. Тұрақты қызметтің тиімді тұстары көп дейді. Жақында жалақысы 8 пайызға көтеріледі екен. Баспаналы болуға да мүмкіндік бар. Сондықтан да жалданып жан бағуға қаны қас.

ТЕМІРЛАН КАЙНУЛДИН, ЭЛЕКТРОМОНТЕР:

Өз басыма ондай жұмыс керек жоқ. Тұрақты жұмысқа тұру негізі маңызды. Өйткені мұнда ресми жұмыс. Әлеуметтік пакет бар. Зейнетақы, еңбекке уақытша жарамсыздық парағы. Жалақымыз тұрақты. Мысалы, қазіргі жастар курьер, такси болып жұмыс істейді. Ол бірде ақша бар, бірде жоқ. Ал мұнда жұмыста білесің ғой, қанша табатыныңды.

Алайда жас толқынның құс жастықты жастанып, жақсы қызметке мастанып жүретін сәтті күтпей, табысы тәуір мамандыққа бет бұрғаны дұрыс дейді мамандар. Сондықтан мемлекет күндік жұмысқа көңілі ауғандарға да қолайлы жағдай жасауға көшкен.

МҰХТАР ТӨЛЕУ, ҚР ЕХӘҚМ ХАЛЫҚТЫ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

Мысалға такси қызметтері, жеткізу қызметтері – ол жерде платформалық жұмыспен қамту тіркеледі. Және тіркелгеннен кейін 4 пайыз көлемінде әлеуметтік төлемдер төленеді. Оның ішінде зейнетақы төлемі бар, әлеуметтік төлем бар, одан кейін медициналық сақтандыру.

Қазір елімізде 100 мыңға жуық бос жұмыс орны бар болғанымен, еңбек нарығындағы теңгерімсіздік айқын. Жастардың дипломды жинап қойып, курьер мен таксисті таңдауы – жалқаулық емес, нарықтағы төмен жалақыға деген реакциясы. Мемлекеттің платформалық қызметті заңдастырып, әлеуметтік кепілдік беруге көшкені құптарлық. Десе де дипломның қадірі кетіп, маманның құны түспеуі үшін, тұрақты жұмыстың табысы мен беделін арттыру – кезек күттірмейтін мәселе.

← Барлық жаңалықтар