Елорданың ескі вокзалына барарда абай болыңыз. Төбеңізден шатыр опырылып, үйінді астында қалып жүрмеңіз. Күрделі жөндеуден өткен ғимараттың асханасында төбе опырылып, екі адам медициналық көмекке жүгініпті. Оқиға кеше таңғы сағат бестер шамасында болған. Сәтін салғанда, зардап шеккендер жеңіл-желпі жарақат қана алыпты. Осы орайда «Қазақстан темір жолы» компаниясы шатыры қираған тамақтану орны ескі вокзалдың жеке меншік бөлігінде орналасқанын жеткізді. Сол себепті ҚТЖ-ның бұл мүлікке билік етуге ешқандай құқығы жоқ деп қысқа ғана қайырды.