Қақаған қыста қамығып, көгілдір отыннан тарығып жүрмейміз бе? Бүгін Үкімет отырысында шенділердің жылыту маусымына дайындығы сөз болды. Олжас Бектеновтың алдында сөз алған «QazaqGaz» ұлттық компаниясының төрағасы Әлібек Жамауов баяндамасында қамшы салдырмады. Қыркүйекке дейін газбен жабдықтау нысандарын сақадай сай қыламыз деп сендірді. Қазір дайындық жұмыстарының 57 пайызын аяқтапты. Сондай-ақ бюджеттің есебінен салынған газ желілерін тікелей компанияның балансына алатынын жеткізді. Жалпы қазір Қазақстанда көгілдір отынмен қамту деңгейі 64,2 пайызға жеткен. Жаңа кен орындарын кезең-кезеңімен игерудің тиімді тетігін қалыптастыруға ден қойылыпты.
ЕРЛАН АҚКЕНЖЕНОВ, ҚР ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРІ:
Жоспар аясында 30 жер қойнауы учаскесі қарастырылған. Бүгінгі таңда QazaqGaz компаниясымен 9 келісімшарт жасалды. Оның ішінде 6 жоба барлау сатысында, ал 3 жоба өндіру сатысында. 2023-2025 жылдары «QazaqGaz» және «ҚазМұнайГаз» ұлттық компанияларымен Анабай, Барханная, Рожковское және Западная Прорва кен орындары өнеркәсіптік игеруге енгізілді.
Министрдің мәліметінше, 2030 жылға қарай Қашағанда жылына 2,5 млрд текше метр, ал Қарашығанақта жылына 5 млрд текше метр өнім шығаратын зауытты іске қоспақ екен. Бұл газды қайта өңдеуді ұлғайтуға, өңірлерді тұрақты көгілдір отынмен қамтуға мүмкіндік береді. Үкімет басшысы да бұл нысандардың салынуын қатаң қадағалауды тапсырды.
ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
Осы ретте Қашаған, Қарашығанақ кен орындарында және Жаңаөзен қаласында жаңа газ өңдеу қуаттарын салу жобаларының маңызы ерекше. Дәл осы нысандар ішкі нарыққа қажетті тауарлық газ өндірісін ұлғайтып, мұнай-газ химиясын дамытудың драйвері болуы тиіс. Сондықтан Энергетика министрлігіне, «Самұрық-Қазына» қорына және QazaqGaz компаниясына аталған нысандардың құрылыс-монтаждау жұмыстарына апта сайынғы негізде бақылау жүйесін енгізуді тапсырамын.