Мазмұнға өту
· 8 қаралым

Отандық көлік көбейіп, оны алу жеңілдей ме?

Өзіміздің темір тұлпарымыз қашан шығады? Қосалқы бөлшектері сырттан әкелінбейтін, толығымен өзімізде өндірілетін автокөлік қалай аталмақ? Үкіметте жауапты министр қазақстандық жеңіл машина туралы сұраққа жауап берді. Енді қолымыз жетпей жүрген техниканы тек сыртынан қызықпай, қалаған күні мініп кетеміз-ау? Елімізде алдағы уақытта олардың түрі көбейіп, әсіресе электрлі бағытына басымдық берілмек. Тіпті автокредиттің өзін біршама жеңілдетуді ойластырып жатыр.

ҚУАТ ҚҰДАЙБЕРГЕН, ТІЛШІ:

Кеш жарық, көрермен! Иә, расымен, қазір көлік десе таңдау көп, небір түрі бар. Тіпті смартфон сияқты жыл сайын жаңарып, сатылымға шығып жатыр. Сұраныс артқан сайын отандық автокөлік өндірісі де қарқын алып келеді.

Үкімет отырысында осы саладағы нәтижелер жарияланды. Өнеркәсіп министрі Ерсайын Нағаспаевтың айтуынша, былтыр елімізде 170 мыңнан астам автомобиль құрастырылса, биылғы алты айда 94 мың 400 көлік шығарылып, өндіріс көлемі бір жылда 35 пайызға артқан. Жыл түгесілгенше бұл көрсеткіш 190 мыңға жеткізілмек. Ал жалпы қазіргі уақытта жеңіл автомобильдер, автобустар, жүк және арнайы техника шығаратын 11 кәсіпорын жұмыс істеп тұр екен. Олардың қатары тағы да толыға түспек. Министрдің сөзінше, алдағы уақытта Қазақстанда үш шетелдік автокөлік өндірісі іске қосылады.

ЕРСАЙЫН НАҒАСПАЕВ, ҚР ӨНЕРКӘСІП ЖӘНЕ ҚҰРЫЛЫС МИНИСТРІ:

Сондай-ақ Мемлекет басшысының Қытайға сапары аясында автомобиль жасау саласында бірқатар маңызды келісімге қол жеткізілді. Атап айтқанда, Li Auto, OMODA және JAECOO маркалы автомобильдер өндірісін, SITRAK пилотсыз жүк тартқыштарды шығаруды және BYD компаниясымен бірлесіп жоғары жылдамдықты зарядтау стансалары желісін дамыту көзделуде.

Жеңіл көлік бір бөлек, енді жолдың жүгін көтеретін алып техникалар да елімізде көбеймек. Жылына 500 Volvo жүк тартқыш құрастыру жоспарланып отыр. Сондай-ақ оның электрлі нұсқалары да өндіріле бастайды. Иә, әлемге әйгілі техникалардың елде шығарыла бастағаны өндіріс үшін үлкен қадам. Бірақ мұнда «көп шығардық» дегеннен бұрын, «сапасы қандай?» деген сұрақ маңызды. Осыны ескерген министрлік өндірістегі қауіпсіздік пен сапаны күшейту үшін жасанды интеллектіні іске қоспақ. Ақылды жүйе зауыттағы әр процесті бақылап, ақау мен қауіптің алдын алуға көмектеседі екен.

ЕРСАЙЫН НАҒАСПАЕВ, ҚР ӨНЕРКӘСІП ЖӘНЕ ҚҰРЫЛЫС МИНИСТРІ:

Қауіпсіздікті жедел басқаруға арналған жасанды интеллектке негізделген ахуалдық орталық іске қосылды. Интеллектуалды платформа бейнекамералардан, датчиктерден және ақпараттық жүйелерден келіп түсетін деректерді талдап, тәуекелдерді, төтенше жағдайларды және ауытқуларды жедел анықтап, оларды уақтылы жоюға мүмкіндік береді.

Жаңа көлік мінген соң алдағы уақытта «енді бөлшегін қайдан табамын?» деп алаңдауға да негіз жоқ. Себебі іздегенің алдыңнан іздемей-ақ табылатын күн алыс емес. Керек-жарақтың бәрін шығаратын өндіріс те жолға қойылды. Бұдан бөлек, бүгінгі жиында тағы бір ақжолтай жаңалық айтылды. «Astana Motors» компаниялар тобының төрағасы Нұрлан Смағұлов алдағы жылдары «Астана» брендімен отандық автобустар шығарылатынын мәлімдеді.

НҰРЛАН СМАҒҰЛОВ, «АСТАНА МОТОРС» КОМПАНИЯЛАР ТОБЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Бұл автобустар Қытайдың технологиялық серіктестерімен бірлесіп әзірленді. Олардың өндірісінде әлемдік жетекші өндірушілердің компоненттері пайдаланылады. Сонымен қатар автобус дизайнын жасауға қазақстандық инженерлер қатысты.

Сондай-ақ қазір сұранысы жоғары, әлемдік нарықта өз орнын ойып алған BYD көліктерін Қазақстанда құрастыратын күн де алыс емес секілді. Үкімет басшысы біздің тараптан нақты нәтиже күтіп отыр.

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Нұрлан Еркебұланұлы, бұған дейін сізбен әлемдік автокөлік жасау көшбасшыларының бірі – BYD компаниясымен бірлескен ынтымақтастық туралы сөйлескен едік. Осы жобаның қазіргі таңда қалай жүзеге асып жатқанын, қандай жұмыстар атқарылғанын білгім келеді.

НҰРЛАН СМАҒҰЛОВ, «АСТАНА МОТОРС» КОМПАНИЯЛАР ТОБЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Биыл BYD автобустарын өндіру мәселесін пысықтап жатырмыз. Шанхайда делегация құрамында BYD компаниясымен кездестік. Жеңіл автокөліктерге келетін болсақ, біз бұл тапсырманы қарастырдық. Келесі жылы BYD өндірісін игереміз деп жоспарлап отырмыз.

Шетелден көлікті заңсыз әкеліп жүргендерге тықыр таянды. Енді техникалық талапқа сай емес, құжаттары күмәнді болған темір тұлпарларға бақылау күшейтіледі. Премьер-министр Олжас Бектенов нақты шара қолдануды тапсырды. Қаржы және Өнеркәсіп министрліктері бірлесіп 10 күннің ішінде көлік импортын реттейтін ұсыныс дайындауы керек.

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Қолданыстағы заңнамалық нормаларды түсіндіру барысында нақты әрі айқын ұстаным болуы тиіс. Кедендік әкімшілендіру мен техникалық реттеу саласындағы тиісті тәсілдер осы жылдың 1 қыркүйегінен бастап қолданысқа енгізілуі тиіс. Қабылданып жатқан барлық шаралар бойынша халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет.

Осылайша, отандық өндірісті дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Сәйкесінше, халыққа да жағдай жасау мәселесі күн тәртібінде тұр. Ол үшін Үкімет автонесие беру жағын жеңілдетпек. Азаматтың ай сайынғы табысы мен төлейтін несиесіне қарай есептелетін борыштық жүктеме коэффициентін алып тастамақ. Қазіргі талап бойынша, көлікті кредитке алған болсаңыз ай сайынғы төлеміңіз табысыңыздың 50 пайызынан аспауы керек. Енді шектеу алынса, темір тұлпар алғысы не жаңартқысы келетіндердің айы оңынан туады. Сонымен қатар жеке тұлғаларға арналған автолизингті дамыту жоспары айтылды. Алайда бағдарламаның нақты шарттары, талаптары мен көлік құны әзірге белгісіз.

← Барлық жаңалықтар