Елімізде барлық банктерге ортақ QR-код сіз бен біз үшін тегін болғанымен, кәсіпкерлерге тиімсіз екен. Сауда-саттықпен айналысатындар ұсталатын комиссия көлемі тым көп деп шағым айтқан соң, Ұлттық банк басшысы оны азайтуға күш салатынын жеткізді. Қазір ортақ QR-кодтың банкаралық алымы 1,5 пайызға дейін жетеді. Оны әр қаржы ұйымы өздері бекітетіндіктен, бұл бизнеске қосымша салмақ салатын көрінеді.
ТИМУР СҮЛЕЙМЕНОВ, ҚР ҰЛТТЫҚ БАНКІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:
Пайыз саясаты өте күрделі мәселе, өйткені аталған комиссиялық алым тікелей реттеуге жатпайды. Бұл тариф мөлшерлемесін жай ғана белгілеп бере алатын табиғи монополия емес. Бізде тарифтік кеңес бар, оған барлық банктер қатысады. Сондықтан осы алымдарды біртіндеп төмендету бағытында жұмыс істейтін боламыз.
Сондай-ақ Ұлттық банк төрағасы зейнетақы жүйесіне енгелі отырған өзгерістерге де тоқтады. Осы күзде азаматтар Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы жинағын толығымен басқарушы компанияларға бере алады. Тимур Сүлейменовтың айтуынша, ең алдымен шешімді әр азамат өзі қабылдайды. Басқарушы компанияға сенім артса, алаңдауға негіз жоқ, олардың барлығының лицензиясы бар екен, мемлекеттің қатаң бақылауында. Қазір бұл ұйымдардың айналымында ортақ зейнетақы қаржысының тек 0,5 пайызы ғана жүр екен.