Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 9 қаралым

Жағдайы төмен отбасыларға сапасыз үй берілген

Алматы облысында жағдайы төмен отбасыларға берілген үйлерді тұрғындар картоннан салынған деп отыр. Өйткені қатты түшкірсең, көршінің баласы шошып оянады дейді. Көпбалалы, толық емес және мүмкіндігі шектеулі жандарды бағып отырған шаңырақ иелері құжаттары болмағандықтан коммуналдық төлемдерді де төлей алмай отыр.

ҰЛАН ТӘЛІПБАЙ, ТІЛШІ:

Тұрғындар көптен күткен баспанасына қол жеткізу үшін 18 жыл кезекте тұрған. Ал үйлеріне кірген кезде төбелерінен жай түскендей болған. Өйткені құрылыстың кем-кетігі жетіп артылады.

Григорий Бевзов кезекте 16 жыл тұрып, баспанасына әзер қол жеткізген. Көшіп келгеннен кейін кем-кетігін түгендеуге кіріскен. Едені қыңыр-қиыс, құбырларынан су сорғалап тұр. Қоқыс деген атымен шығарылмайды. Үйлеріне келетін жол да жоқ.

ГРИГОРИЙ БЕВЗОВ, ӨРІКТІ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Жалпы төрт сұрақ бізді мазалайды. Ең бірінші сұрақ – келісімшарт. Бұл келісімшартсыз біз бұл үйде ешкім емеспіз. Қолымызға келісімшарт алғаннан кейін ол бір мәселе. Өйткені біз светке, суға қалай төлейміз? Келісімшартсыз ештеңе істей алмаймыз.

Өрікті ауылында 50-ге тарта баспана салынған. Аудандық әкімдік үйлерді сатып алып, әлеуметтік осал топтарға үлестірген. Көшіп келгендер үйге кірмей жатып қабырғалары сызданып, көгеріп, есіктері ісініп кеткенін көріп шошыпты. Жуынатын бөлмеге кірсең, төбеңе қыш тақта құлайды деп отыр.

СӘНИЯМ КАМЕРДИНОВА, ӨРІКТІ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Газбен жылыту жоқ. Мүгедектерге арналған пандустар жоқ. Мен келдім, көшпей тұрып екі рет суға баттым. Мен тазалауға келгенде су ағып кетті үйдің іші.

Тұрғын үйлердің ауласындағы асфальт қазірден бастап түріліп, құдықтардың қақпақтары опырылып жатыр. Жұрт балалары тереңге абайсызда құлап кете ме деп алаңдаулы. Үйдің сыртқы қаптамалары түсіп, шатырының айналасы бүліне бастаған.

Тұрғындармен кездесуге келген Еңбекшіқазақ ауданының шенділері олқылықтар қалпына келтіріледі деп сендірді.

АЯН ЫДЫРЫСОВ, ЕҢБЕКШІҚАЗАҚ АУДАНДЫҚ ҚҰРЫЛЫС БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ:

Қазіргі таңда тұрғындар тарапынан түсіп жатқан кемшіліктердің бәрін тексеріп, мердігер мекемемен акт жасаймыз. Жаңағы анықталған кемшіліктің бәрін толық жойып, түгел қалпына келтіреміз.

Бұл тұрғын үйлер 2 жыл бұрын әлеуметтік осал топтағы пәтер кезегінде тұрғандарға арналып сатып алыныпты. Аудандық әкімдік қызметкерлері коммуналдық төлемдерін өздері төлеп, 10 күн ішінде үйді тұрғындардың аттарына аударып беретін болды.

ЕРМАХАМБЕТ НҰРАДИН, ЕҢБЕКШІҚАЗАҚ АУДАНДЫҚ ТҰРҒЫН ҮЙ-КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҚ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

Тұрғын үйден отказ беретін болса, қайтып басқа үйге ауыса алмайды. Сол себепті осы адамдар нақты шегеленіп, өздері келісімшартқа дайынбыз дегенде ғана сондай мүмкіндік бергенбіз. Бірақ қазіргі таңда соған қарамастан, шілденің соңына дейін келісімшарттарды толығымен таратып береміз.

Ал құрылыс компаниясының өкілдері «біз әкімдікке өткізіп бердік» деп, сынған, бүлінген жерлерді жөндеуден бас тартыпты. Шенділер мердігер мүмкіндігі шектеулі жандар тұратын үйлерге пандустар қойып, баспалдақтарға шарбақтар орнатып береді деп уәде берді.

← Барлық жаңалықтар