Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 9 қаралым

Ұлттық теледебатқа сарапшылар баға берді

«Қазақстанның болашағы – адам капиталы». Осындай тақырыппен Алматыдағы медиакешенде Ұлттық теледебат өтті. Онда жеті партияның өкілдері сайлауалды бағдарламаларын таныстырып, көрермендердің сұрақтарына жауап берді. Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының директоры Жандос Шаймарданов алғашқы телевизиялық дебатқа оң баға берді. Оның пікірінше, бұл – Құрылтайдағы орындар үшін жүріп жатқан ашық әрі бәсекелі сайлау науқанының айқын көрінісі.

ЖАНДОС ШАЙМАРДАНОВ, ҚР ПРЕЗИДЕНТІ ЖАНЫНДАҒЫ ҚАЗАҚСТАННЫҢ СТРАТЕГИЯЛЫҚ ЗЕРТТЕУЛЕР ИНСТИТУТЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Олар ең біріншіден өз бағдарламаларын таныстырып жатыр, өз тізімімен. Тізімді қараған кезде көп кандидаттар бар. Біздің азаматтарымыз кандидаттарды өз көзімен көріп, бағдарламасын тыңдап, солар арқылы теледебат үлкен мүмкіншілікті ашып отыр деп ойлаймыз.

Пікірсайысқа Құрылтайдан дәмелі жеті саяси партияның өкілдері қатысты. 5 кезеңнен тұратын теледебат барысында олар қоғамды алаңдатқан түрлі өзекті сауалдарға жауап беріп, Құрылтай сайлауына не үшін қатысып жатқандарын жан-жақты түсіндірді. Бір-біріне сұрақ қойып, бағдарламаларының кемшін тұстары мен артықшылықтарын дәлелдеуге тырысты.

Желі арқылы сайлаушылардан келген әлеуметтік сала, экономика, білім беру мен денсаулық сақтауға қатысты сұрақтарға үн қатып, оны шешудің жолдарын көрсетуге тырысты. Тікелей эфир барысында көрермендер экрандағы QR-кодты сканерлеп, онлайн дауыс беріп, партия өкілдеріне бағасын берді.

БЕКНҰР ҚИСЫҚОВ, САРАПШЫ:

Негізі жасанды интеллект бойынша басқалардың бағдарламаларын зерттеп, олардың кемістігін айтып және өздерінің партияларының құндылығын айтып жеткізді. Саяси бәйгеде осындай біреудің кемістігін, біреудің жетістігін көрсетіп тұру керек. Сондықтан соның арқасында жеңіске жетеді. Негізі теледебатта шоу болу керек, саяси шоу болу керек, сонда ол қызық болады.

НАЙЛА МҰХТАРОВА, САЯСАТТАНУШЫ:

Бұл дебатты мыңдаған, миллиондаған азаматтарымыз көрді. Сол азаматтарымыздың алдында мейлінше тек бағдарламаларын ғана таныстырып қоймай, жалпы өздерінің бағыт-бағдарын көрсетуге мүмкіндік болды. Енді алғашқы теледебат болғандықтан, осал тұстары да болды.

← Барлық жаңалықтар