Пластик бөтелкеден пайда жоқ деп кім айтты?!
Енді оны бағалы сыйлыққа айырбастауға болады. Қарағандыда «ECO FEST» деп аталатын акция басталды. Экологиялық іс-шара кеншілер шаһарында бұған дейін де өткен. Бұл жолы ұйымдастырушылар бонустардың қатарын едәуір кеңейтіпті. Шөлмектің саны неғұрлым көп болса, берілетін сыйлықтың да құны жоғары. 5 бөтелке әкелсеңіз – балмұздақ, 10 данасын тапсырсаңыз, хайуанаттар бағына немесе балалар теміржолына билет аласыз. Ал 50 құты тапсырғандарға киноға жолдама беріледі.
ІҢКӘР ӘБІКЕЕВА, ТҰРҒЫН:
Біз бауырларыммен бірге пластик бөтелке теріп, гаражға әкеле бердік. Нәтижесінде 255 бөтелке жиналды. Анам да бізді қолдап, табиғат пен қаламыз үшін пайдалы іс жасап жатқанымызды айтты. Енді балмұздақ та, билеттер де аламыз.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, өткен жылы акцияда тұрғындарға тек балмұздақ таратылып, әп-сәтте таусылып қалған. Сондықтан бұл жолы тыңғылықты дайындық жүргіздік дейді.
ЯКУБ ДЖАМАЛОВ, ЖАСТАР РЕСУРСТЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:
Бүгін 5 мың дана балмұздақ пен кинотеатрға 200 билет таратуды жоспарлап отырмыз. Ал «Экспресс-Хогвартс» пен хайуанаттар бағына берілетін билет санына ешқандай шектеу жоқ. Бұған өскелең ұрпақтың қызығушылық танытып отырғаны қуантады. Өйткені мұның тәрбиелік мәні де зор.
Іс-шараның мақсаты – қаланың тазалығына үлес қосып, жайлы орта қалыптастыру. Жаз соңына дейін Қарағандыда осындай тағы екі экологиялық акция өткізу жоспарланған.
Жақсылық Жасұланұлы