Ауыл халқының малын жайып, шөбін шауып жүрген жерге карьер салынбақ. Кәсіпкерлер Астанаға іргелес елдімекеннің жанынан құм-қиыршық тас өндірісін бастаймыз деп желпініп отыр. Ал ауылдағы ағайын бұған үзілді-кесілді қарсы. Жұрт жайылымнан айырылып, жағдайымыз нашарлайды деп жыларман. Ал компания өкілдері алған бетінен танар емес. Бұқараға көмекті аямаймыз, тек рұқсат берсеңіздер болды дейді. Тараптар тартысы немен тынады?
Жаңа жол тұрғындары үшін бұл жердің маңызы зор. Ауыл адамдары осында малын жаяды, шөбін шабады. Қысқасы, көп отбасының күнкөрісі осы жерге байланысты. Енді бұл алқаптың орнына карьер қазылып қояр деп жұрт алаңдап отыр.
ЕРЖАН ТӨЛЕПБЕРГЕНОВ, ЖАҢА ЖОЛ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Ертең бұлар келеді де, бұл жерде қазып алады да, құмдарын алып кеткеннен кейін ол жердің бәрі шұңқыр сай болып қалады. Біздің малымыздың жайылатын жері жоқ. Шабатын шөбіміз болмайды. Бұлар өздерінің қалталарын толтырып алып кетеді. Олар кеткеннен кейін ол жердің бәрі шұңқыр болып қалады. Біз қайда барамыз? Малды қайда жаямыз?
Бұл мәселе ақпан айында басталған. Сол кезде компания өкілдері осы аумаққа келіп, барлау жұмыстарын жүргізіпті.
ЖАНАТ ТУЛЕУБАЕВ, «СТРОЙ ПЕСОК АСТАНА» ЖШС ГЕОЛОГЫ:
Басында бұл жерден алтын шығады деп үміттендік. Бірақ зерттеу нәтижесінде мұнда құм бар екені анықталды. Сондықтан жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларға кірісуге шешім қабылдадық. Кен орны есепке алынды, учаске мемлекеттік балансқа қойылды.
Компания өкілдерінің айтуынша, барлық қажетті құжаттары бар. Тіпті ауыл тұрғындарына көмектесуге де сақадай сай дайын. Ауыл клубын жөндеу, жолдарды ретке келтіру, тағысын тағы. Бірақ қоғамдық тыңдауда бұқараның компанияға қояр сұрағы көп болды.
ЕРЖАН ОРАЗАЛИНОВ, «БАЙТАҚ» ПАРТИЯСЫНЫҢ БАС ЭКОЛОГЫ:
Біріншіден, кен өндіру технологиясы толық көрсетілмеген. Екіншіден, мемлекеттік органдармен қажетті келісімдері бар екенін көріп отырған жоқпын. Санитарлық-эпидемиологиялық қызметпен де, еңбек инспекциясымен де, жер қатынастары бойынша мамандармен де, бассейндік су инспекциясымен де келісімдері жоқ. Яғни мұнда мәселе көп, талаптардың сақталуына қатысты сұрақ жетерлік.
Бірнеше сағатқа созылған талқылаудан кейін екі тарап ортақ мәмілеге келе алмады. Ақыры ауыл тұрғындары карьерге қарсымыз, жайылымымызды бермейміз деп отыр.
ЕРБОЛ КЕРКЕЕВ, ЦЕЛИНОГРАД АУДАНДЫҚ МӘСЛИХАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:
Жалғыз менің ғана ойымнан шығарып жатқан әңгіме емес. Бұл халықтың айтып жатқаны. 70 шақты үй бар. Бұл жерде көшіп келген 1-2 үй бар. Қалғаны бәрі осы туып-өскен осы жерде. Олар малмен күн көріп отырған адамдар. Бізге ешқандай карьердің керегі жоқ дейді олар. Жаңа естідіңіздер, бәрі карьерге қарсы.
ЖАНАТ ТУЛЕУБАЕВ, «СТРОЙ ПЕСОК АСТАНА» ЖШС ГЕОЛОГЫ:
Ал рекультивацияға келсек, ол әдетте осылай жүргізіледі. Егер карьер өзенге жақын болса, үлкен су айдынын жасап, балық жіберуге болады. Кейін жергілікті тұрғындар балық шаруашылығымен айналыса алады. Біз бәрібір жергілікті халыққа бұл жобаның өздері үшін де тиімді болатынын барынша түсіндіруге тырысамыз.
Алайда компания да райынан қайтар емес. Қоғамдық тыңдауда тұрғындардан қолдау таппағанына қарамастан, кәсіпкерлер құзырлы органдарға жүгініп, барлық рәсімді қайта өткізуді көздеп отыр. Енді бұл дауда кімнің дегені болатыны уақыт еншісінде.