Ұрпақ жадында жаңғырған тарих. Бүгін қазақ жеріне жер аударылған поляк халқы 90 жыл бұрынғы қасіретті күндерді еске алды. Олар 1936 жылы КСРО Халық Кеңесінің шешімімен «мемлекетке қарсы әрекет жасады» деп айыпталған еді. Осылай жалған желеумен қара күйе жағылған қарашаның біразы Сібір мен қазақ даласына депортацияланды. Барған жерінде ауыр жұмысқа жегіліп, ашаршылықты бастан өткізді. Бірақ сол қиын-қыстау кезеңде пана болған қазақ жұртына бүгінде Польша халқының алғысы шексіз. Сондай-ақ, бүгін Ұлттық музейде көрме ұйымдастырылып, нәубет жылдары қуғын-сүргін көрген поляктардың суреттері мен жеке құжаттары қойылды.
ДМИТРИЙ ПАНТО, ПОЛЬШАДАҒЫ ЕКІНШІ ДҮНИЕЖҮЗІЛІК СОҒЫС МУЗЕЙІНІҢ БАС МАМАНЫ:
Кеңес Одағы өзінің территориясын тәуелсіз мемлекеттердің халқынан тазарту үшін 70 мың поляк халқын депортациялауды жөн көрді. Олардың тең жартысы Тайынша теміржол бекетінен түсіп, Солтүстік Қазақстан облысындағы елдімекендерге қоныстанды. Қалғаны оңтүстікке ауып кетті. Міне, солардың ұрпақтары Қазақстанда әлі күнге өмір сүріп жатыр. Қазақ халқы көмектеспегенде, ата-бабамыздың тірі қалуы екіталай еді. Олар қайдан балық аулау керектігін, қысқа қамдану жолдарын үйретті. Депортация екі ел арасындағы достықты нығайта түсті.
СЕЙІТҚАЛИ ДҮЙСЕН, Л. ГУМИЛЕВ АТЫНДАҒЫ ЕҰУ ҒЫЛЫМИ-ЗЕРТТЕУ ИНСТИТУТЫНЫҢ ҒЫЛЫМИ ҚЫЗМЕТКЕРІ:
Поляк халқының да тағдыры, кейбір кезеңдері Қазақстанға, қазақтардың ұлттық тарихына ұқсас. Бұлар да бірнеше рет бөліске түсті. Күшті империялар арасында. Ресей империясы, Аустрия-Венгрия, Германия империялары арасында. Поляктар азаттық үшін күресті. Ал патша үкіметі оларды күшпен басып, қатысқандарды, басшыларын Сібірге, соның ішінде Қазақстанға да жер аударды. Осындай ауыр тағдырлар болашақта қайталануға жол бермес үшін, келесі ұрпақ оны ұмытпау үшін осындай жиындар, конференциялар өткізіліп тұрады.