Жүргізуші куәлігін қалай алып едіңіз? Республикада айдың-күннің аманында 10 мыңнан астам азаматтың көлік басқару құжаты жарамсыз деп танылды. Себебі мемлекеттік жүйеге жаңа технология енгізілгелі ортаға тамыр-танысын салғандар бірінен соң бірі әшкере болып жатыр. Бұл «бармақ басты, көз қысты» әрекеттер Денсаулық сақтау министрлігі, Бас прокуратура мен Ішкі істер органдарының ақпараттық базасының бір жүйеге біріктірілуі арқылы анықталды. Мысалы, осы уақытқа дейін медициналық қарсы көрсетілімі бар азаматтар емін-еркін құжат алып, көшеде көлік басқарып жүрген екен. Бұдан былай Денсаулық сақтау министрлігі есепке қойылған тұрғындардың деректерін құзырлы органдарға үнемі жолдап отырады. Сондай-ақ енді куәлік аларда жасалатын медициналық тексеріс те толық цифрландырылады. Ал анықтама нәтижесі ақпараттық жүйелерге бірден жіберіледі.