Аттың құлағында ойнап, жебені жігермен тартып, қара күшін білекке жинаған, ақылы мен айласын сайлаған қыз-жігіттер төбемізді көкке жеткізді. Көрші Қырғыз елінде өткен Көшпенділер ойынында жалпы есепте бас жүлдені жұлып алған саңлақтарымыздың аты қазір аспандап тұр. Кешегі жеңістің дүбірі бүгін де жүйрік жұрттың жүрегін дүрсілдетіп тұр. Әлі талайдың делебесіне дем қосып, рухына ем болатын айтулы оқиға ретінде сөз болары анық. Еңбектері ерен, құлшынысы берен спортшылар мен олардың жаттықтырушылары кеше Ақордада Президенттің қолынан марапат алды.
Даланың дүбірі дүниежүзін думанға бөледі. 113 елден жеткен 3 мыңға жуық спортшы байрақты бәсекеде бақ сынады. Әр сайыс талас пен тартысқа толы болды. Әсіресе, ат үстінде ауыздықпен алысқан арынды көкпаршылар делебемізді қоздырғаны рас. Алайда айыр қалпақты ағайын тулақ тартыста қазақ жігіттерін қапы қалдырды. Жеңіліске себеп те жоқ емес.
СӘКЕН СЕЙІТХАНҰЛЫ, ҚАЗАҚСТАН КӨКПАР ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:
Қырғыз бауырларымыз ат дайындау жағынан бізден бір бас жоғары екенін дәлелдеді. Ал енді жігіттердің, шабандоздардың шеберлігі жағынан біздің жігіттер төмен қалмайды. Біздің жігіттер мықты. Бізде неге жетіспейді, бізде 12 ат баптайтын шамамыз жоқ па? 12 ат баптайтын шамамыз бар. Біз барынша мықты аттарды таңдауға тырыстық. Іріктеуге күш салдық. Айта кетуіміз керек, федерация тарапынан жалпы 5 ат сатып алынды.
Біздің жігіттердің аты әлсіз болғанымен, заты мықты. Бірі үстінен аттап, екіншісі таптап кетсе де, қасқайып қайта тұрды. Тіпті тартысты тоқтатуға кеңес берген дәрігерлерге де көнбеді. Ел үшін намысты қолдан бермеді. Алайда бұл сайыс екі елді достыққа емес, қастыққа шақырды деп шыр-пыр болғандар да бар. Дегенмен Көшпенділер ойынынан кейін өшпенділік қалмапты.
ҚҰРМАНБЕК ТҰРҒАНБЕК, КӨКПАРДАН ҚАЗАҚСТАН ҰЛТТЫҚ ҚҰРАМАСЫНЫҢ КАПИТАНЫ:
Бірінші қаққан адам ойыннан шеттетіледі. Ал енді таптағаны, ол жерде көкпар ғой ол. Аты тоқтамай қалуы мүмкін. Басқа жағдай болуы мүмкін. Ол жағына дұрыс қараймыз. Ойыннан кейін біз бір-бірімізді құттықтадық. Ол жерде ешқандай өшпенділік жоқ бізде.
Ал сарапшылар жеңілісті жылқының бабына жаба салуға болмайтынын баса айтты. Дайындықтың аздығы ауыздықпен алысқандардың күйреуіне себеп болған.
ЖАНДОС АЙТБАЙҰЛЫ, СПОРТ САРАПШЫСЫ:
Қырғыздардың дайындығы жоғары көрініп тұр. Жерден іліп алған сәттерде де өте епті. Өте жылдам қозғалады. Ауызбіршіліктері мықты. Қорғаныста болсын, ұйымдаса қорғанады. Және өздерінің шабуылшыларына керемет жол ашады. Тактикалық тұрғыда да өте сауатты, тамаша ойнады. Атқа да итере салуға болмайды. Аттары да керемет, осал деп айтуға келмейді енді. Көкпарға, көкбөрімен әлі де біраз дайындық керек екенін көрсетті.
Қалай десек те, алаң иелерінің асығы алшысынан түсті. Ал өткен еңбекте кеткен кемшілік болмас үшін жауаптылар жүйелі жұмысқа кіріспек.
СӘКЕН СЕЙІТХАНҰЛЫ, ҚАЗАҚСТАН КӨКПАР ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:
Туризм және спорт министрі Ербол Қуантайұлы көкпар аяқталғаннан кейін көкпаршылармен кездесті, жиналды. Және алдағы өтетін Татарстанда өтетін Көшпенділер ойынына дайындықты біз қазірден бастауымыз керек деген сөз айтты.
Ал көкбөрінің жөні мүлдем басқа. Қазақ қазандыққа салып ойнамағалы он жылдан асқан. Бірақ біздің жігіттер алаңда барын салды, жанын салды, тек әттең, салым салмады. Ал арқан тартыста Мейір Рахметқалиев мерейімізді асырды. Таяқ тартыста талайды төңкеріп тастаған ирандық алыпты арқан тартысқанда бір жапырақ қазақ баласы ырғап-ырғап жұлып-ақ алды.
Аламан бәйгеде де алдымызға қара салмадық. Айман тұлпар Алатаудың арғы бетін шаңға бөктіріп, алдына қылқұйрық түсірмей, маңдайы жарқырап мәрені жалғыз кесті. Ат үстіндегі күресте біздің спортшылармен текетіреске түсетін қарсылас болмады.
СЫРЫМ ІЗБАСАРОВ, АУДАРЫСПАҚТАН КӨШПЕНДІЛЕР ОЙЫНДАРЫНЫҢ ҮШ ДҮРКІН ЧЕМПИОНЫ:
Бірінші, екінші тартыста қиналмадым. Сол финалда Қырғыз елінің палуанымен күрескен кезде енді шамалы атпен соғып, шамалы күрестер болды. Спорт болғаннан кейін ақтық сында ауыр болады. Қандай спорт түрі болсын. Жеңгеннен кейін ол қиыншылықтың бәрі ұмытылып кетеді.
Құралайды көзге атқан қазақ қыздары ерледі. Алты спортшымыз барып, 4 медаль еншіледік.
Десек те, кей спорт түрлерінен жігіттердің бір қайнауы кем болды. Мәселен, белдескеннің белін бүккен палуандар бір ғана алтын алды. Алайда жауаптылардың бұған айтар өз уәжі бар.
ҚАЙРАТ ПАЗЫЛБЕК, ҰЛТТЫҚ ЖӘНЕ АТ СПОРТЫ ТҮРЛЕРІ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:
Қазақ күресінен жалпы 3-ақ салмақ болды ол жерде. Енді жалпы 16 салмақ қазақ күресінен. 32 алтын медальмен Қырғызстан мемлекетімен Көшпенділер ойындарының соңғы күніне дейін алтын санымен таласып келдік. Соңғы күні біздің тоғызқұмалақшыларымыз мангаладан 6 алтын алып, 2 алтын медальмен алға шықтық. Осы Көшпенділерді айтатын болсақ, Татарстан мемлекетінде, Ресейде, Татарстанда өтеді деп жатыр. Соған тыңғылықты дайындаламыз.
Осылайша, Қырғызстандағы байрақты бәсекеде қазақ спортшылары қайран қалдырды. 74 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 32 алтын, 20 күміс және 22 қола жүлде бар. Көшпенділер ойынында көш бастадық. Ал кеше ұлттық спорт үшін айтулы күн болды. Мемлекет басшысы жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан спортшыларды марапаттады.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Әлемнің 100-ден астам елінен келген спортшылармен бәсекеге түсіп, көк байрағымызды биікке көтеру — нағыз ұлт перзенттеріне тән асыл қасиет. Ұлттық командамыз ел үмітін толығымен ақтады деп айтсақ, әділеттікке сай сөз болады. Мен Президент ретінде баршаңызға Отанымызға әкелген рухты жеңістеріңіз үшін шынайы ризашылығымды білдіремін.
Ел үмітін ақтаған спортшыларымыздың еңбегі еленуі, құрметке бөленуі заңдылық. Өйткені бұл мұқалмас ерік-жігердің жемісі. Қазақтың ортақ жеңісі.
АЯШ ҚАБДОЛАЕВА, VI ДҮНИЕЖҮЗІЛІК КӨШПЕНДІЛЕР ОЙЫНДАРЫНДА ДӘСТҮРЛІ САДАҚ АТУДАН ЧЕМПИОН:
Жеңіске жету үшін жаттығу үздіксіз болуы керек. Мен күнде жұмыстан келген соң міндетті түрде садақ атуға 2 сағатымды арнаймын. Кейде 3 сағатымды арнаймын. Дәл осындай марапатқа, осындай құрметке ие болам деген ойымда да болған жоқ. Өте разымыз. Барлық спортшылар. Жалғыз мен емес. Осындай құрмет көрсетіп, осы жерге шақырып, сахнаға шығып сөз сөйлеу…
ЖАҚСЫЛЫҚ ЖАСҰЛАНҰЛЫ, ТІЛШІ:
Көшпенділер ойындарына алып мұхиттың ар жағындағы ағайын да қызығушылық таныта бастады. Енді дүбірлі дода екі жылдан соң Татарстанда жалғасады. Сайын далада салтанат құрған сайыстың ат үстіндегі елдің рухын оятқаны рас. Дәл осылай көшпенділердің көне дәстүрін төрткүл дүниеге таныта берсек, бұл бәсеке жақын арада жаһан жұрты көз тігетін жарысқа айналары сөзсіз.