Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 11 қаралым

Қожаны көпшілікке танытқан тұлға

Биыл қазақ киносының көрнекті өкілі, әйгілі режиссер Абдолла Қарсақбаевтың туғанына — 100 жыл! Отандық кинематографияда өшпес із қалдырған тұлғаның мерейтойына орай Алматыда ерекше көрме ұйымдастырылды. Шара Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» повесінің тарихына арналған.

САТЫБАЛДЫ ТЕКЕЕВ, КИНОРЕЖИССЕР:

Ол киноны қазіргі заманда қалай қарсы алса, ол кезде екі есе артық қабылдады. Балаларға арналған кинолар ол кезде көп емес-тұғын. Абдолла ағамыз осы кісі бастады ғой. Балалардың болашағын, балалардың білім алуын, тәрбие алу деген тәлім-тәрбиеге шақыратын фильмді осы Абдолла аға бірінші түсірді.

Көрмеде Қожа бейнесінің әдеби кейіпкер ретінде қалыптасуы, кітап иллюстрациялары және экранда сомдалуына дейінгі шығармашылық жолы қамтылған. Сондай-ақ көрермен назарына 1964 жылы Мәскеу баспасына әзірленген түпнұсқа графикалық жұмыстар ұсынылды. Повесть жарық көрген соң, Абдолла Қарсақбаев оған жан бітіріп, шедевр туындыға айналдырды. «Менің атым Қожа» фильмі кезінде Кеңес Одағы атынан Канн фестиваліне ұсынылып, арнайы жүлде еншіледі. Миллиондардың жүрегін жаулаған картина әлі күнге дейін өзектілігін жоғалтқан жоқ. Мерейтой аясында режиссердің туындылары көрерменге қайта ұсынылып жатыр. Алдағы уақытта Алматы, Астана, Шымкент, Ақтөбе, Қызылорда және Ақтауда Қарсақбаевтың фильмдері тегін көрсетіледі. Ал сарапшылар бұл туындылардың идеологиялық мәні зор екенін айтады.

АЙДАР ОМАРОВ, «ҚАЗАҚФИЛЬМ» ҰЛТТЫҚ КИНОСТУДИЯСЫ ПРЕЗИДЕНТІНІҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:

Ол кісі қазақ кинематографиясында өшпес із қалдырды. Егер «Менің атым Қожа» фильміне мұқият көңіл аударсаңыздар, ауылдағы бір көріністі байқауға болады. Онда «Көктем мерекесі» деп аталады, бірақ шын мәнінде ол Наурыз мейрамы болатын. Ол кезеңде ұлттық мейрамдарға рұқсат берілмейтін, ал Абдолла ағамыз балалар киносы арқылы Наурыздың қалай тойланатынын көрсетіп кетті. Ол 60-жылдардың өзінде қазақтың мәдени кодын кино тілімен шебер жеткізе білді.

← Барлық жаңалықтар