Атырау облысындағы сұмдық трагедиядан кейін Ақбаян Мұқанғалиева балаларымен кездесті. Оның ұл-қыздарымен сағына қауышып, бауырына басқан сәті әлеуметтік желіде жарияланды. Тамыз айынан бері психикалық денсаулық орталығында ем қабылдаған Ақбаян үйіне шығарылыпты. Қазір оған туыстары барынша қарайласып, бәйек боп жүр. Жақындарының айтуынша, оның балаларымен араласуы біртіндеп қалыпты өмірге оралуына көмектесіп жатқан көрінеді.
Дегенмен ол төркін жағында болған қанды қылмыстан бейхабар екен. Яғни, ата-анасы мен бауырларының бұл өмірде жоқтығын білмейді. Туыстары бұл жайсыз хабар психикасына кері әсер етеді деп, ештеңе айтпапты. Еске салайық, қасіретті оқиға 2025 жылдың соңында болған еді. Сол кезде Ақбаянның бұрынғы күйеуі Сұлтан Сарсемалиев оның ата-анасын, ағасы мен әпкесін айуандықпен өлтірді. Қылмысы толық дәлелденгесін, сот оны өмір бойына бас бостандығынан айырды.