Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 11 қаралым

Жасанды интеллект жазған әннің авторы кім?

Ән жазу үшін бұрын сахнадағылар айлар бойы студияда уақытын сарп етіп, шығынға шаш етектен бататын. Сөзін жазғанға да, музыкасын әрлегенге де уыс-уыс ақша беріп, әлек болатын. Қазір бұл жұмыстарды жасанды интеллектке жүктей салуға болады. Жұрт желіде ЖИ туындыларды жаппай тыңдай бастағаны да сұранысқа сеп болып тұр. Бірақ композицияның басыбайлы авторы көрсетілмейді, не «бұл менің еңбегім» деп сұрайтын адамы жоқ. Патенттеу мәселесінде де сұрақ көп.

ЗАРИНА РАХМЕТОВА, ТІЛШІ:

Бұрын ән шығару үшін музыка жазып, сөзін құрастыру үлкен жұмыс еді. Ал қазір әлдеқайда оңай. Жасанды интеллектке қандай туынды қажет екенін сипаттап берсеңіз болғаны. Тіпті қалауыңызша жанры мен ырғағын, орындалу мәнерін де таңдап аласыз. Содан кейін санаулы минутта-ақ дайын болады. Бірақ мұндай әннің авторы кім?

Дәл осы әуеннің кей тұстарын композитор Жақсылық Мұхамеджанов жасанды интеллектің көмегімен өңдеген. Оның айтуынша, ол жаңа технологияны шығармашылықта қосымша құрал ретінде пайдаланады. Яғни нейрожелі адам еңбегін толық алмастыра алмайды.

ЖАҚСЫЛЫҚ МҰХАМЕДЖАНОВ, КОМПОЗИТОР:

Жасанды интеллектің мұндай мүмкіндігі бар екенін өткен жылы білдім. Менің ойымша, ол – жаңа музыкалық құрал. Яғни идея өзімнен. Алдымен аккордтарды жазамын, содан кейін оны арнайы платформаның көмегімен жүзеге асырамын. Ал толығымен нейрожелі арқылы ән жазуға қарсымын. Ол жерде ешқандай адам еңбегі жоқ.

Яғни ЖИ арқылы ән шығару мен оған авторлық құқық алу екі бөлек мәселе. Бағдарламаға тапсырма беріп, дайын туындыны жүктеп алу адамды автоматты түрде оның авторы етпейді. Ең маңыздысы – әнді жасауға қосқан шығармашылық үлесі. Жауаптылардың айтуынша, заң бойынша автор ретінде тек адамды ғана тіркеуге болады.

АЙДЫН АРТЫҚОВА, ҰЛТТЫҚ ЗИЯТКЕРЛІК МЕНШІК ИНСТИТУТЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Заңға сүйенетін болсақ, одан кейін 25 жылы қабылданған ЖИ туралы заңға сүйенетін болсақ, автор ол жеке тұлға. Яғни адам. Бірақ адам өзінің туындысына көмек ретінде ЖИ-ды пайдалана отырып, туынды шығарса, ондай туындыға авторлық құқық беріледі. Ең негізгі мәселе адамның қатысуымен жасалуы керек.

Ал жасанды интеллект арқылы ән шығару кезінде өзге композиторлардың туындылары не ақындардың сөзі пайдаланылса, ол да заң тұрғысынан қаралатын мәселе. Бұл ретте заңгерлер бастапқы туындыны жасаған адамның құқығы ескерілуі тиіс дейді. Егер біреудің шығармасы рұқсатсыз қайта өңделсе, онда оның иесі сотқа жүгіне алады.

ДАУЛЕТХАН АХМЕТОВ, ЗАҢГЕР:

Бұл жақта егер де белгілі бір қайта өңдеу сәті жасалынатын болса, онда міндетті түрде рұқсатын сұрау керек. Егер сұрамаса иесі, белгілі бір ән болса соның авторы сотқа арызданса өзінің шығыны бар, толығымен жоюды толық талап ете алады.

Осылайша, жасанды интеллект ән шығаруды жеңілдеткенімен, авторлық құқық мәселесін күрделендіріп отыр. Сондықтан мамандар жаңа технологияны пайдаланғанда адамның қосқан үлесі үлкен рөл атқаратынын қадап айтты. Ал өзгенің әнін рұқсатсыз өңдеу сот алдында жауап беруге әкелуі мүмкін. Сондықтан ондай платформаларды қолданғанда заң талаптарын ескерген жөн.

← Барлық жаңалықтар