Қазақстан электрондық үкіметті дамыту бойынша әлемнің үздік 16 елінің қатарына кірді. Біріккен Ұлттар Ұйымы жариялаған халықаралық рейтингте еліміз бірден 8 сатыға жоғарылаған. Осылайша, Корея, Дания, Сингапур, Ұлыбритания және АҚШ сияқты мемлекеттермен теңесті. Айта кетейік, ең жоғары санатқа әлемнің небәрі 21 елі кіреді. Бұған мемлекеттік жүйелердің цифрлық форматқа көшіп, бірыңғай платформаға бірігуі ықпал еткен. Қазір мемлекеттік қызметтердің 90 пайыздан астамын үйден шықпай-ақ алуға болады. Ресми дерекке сүйенсек, eGov порталында 16 миллионнан астам азамат тіркелген екен. Ал жыл басынан бері электронды үкімет арқылы 51 миллионнан астам өтінім орындалған.