Салымшылар үшін сүйінші жаңалық. «Отбасы банкі» зейнетақы жинағынан алынған қаражатқа қатысты ақжолтай ақпарат таратты. Енді қордағы артық ақшаны қаржы ұйымының депозитінде шексіз мерзімге сақтап, орайы келгенде баспана сатып алуға болады. Бұрын осы мақсатта Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан шығарылған қаражатты алты жыл ішінде үй алуға пайдалану талап етілетін. Қазір аталған ереже толығымен жойылды, дейді ведомство өкілі. Айта кетейін, тұрғын үй жағдайын жақсартқысы келетіндерге мұндай мүмкіндік 2021 жылдан бастап берілген еді.
НАЗЕРКЕ ҒАЛЫМ, «ОТБАСЫ БАНК» АҚ РЕСМИ ӨКІЛІ:
Қазіргі таңда алты жыл уақыт өте шығыпты. Бұрынғы нұсқаулық бойынша, азаматтар ипотека рәсімдемеген жағдайда, біздегі депозиттерінің қаражаты БЖЗҚ-ға қайтатын сондай ереже болған. Енді нұсқаулықтарға өзгеріс енгізілгеніне байланысты қазақстандықтарға керемет жаңалығымыз бар. Енді ол ақша 6 жыл өтсе де ешқайда қайтпайды. Ипотека рәсімдегенше Отбасы банкіндегі депозитте қала береді.
Назерке Ғалымның сөзінше, депозиттегі бұл қаражатты бір рет өзге адамның атына аударуға рұқсат етіледі. Ал оны баспанаға жұмсамаймын дейтіндер қайтадан қорға аударып тастауына да тосқауыл жоқ.