Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 23 қаралым

Бюджеттен сұралған 5 трлн теңге негізсіз

Құрылтай депутаттары күзгі сессия басталысымен ерекше белсенді. Бүгін халық қалаулылары үш жылдық бюджетке арналған заң жобасын қарады. Мемлекеттік органдар келесі жылдың өзіне қазынадан 37 трлн теңгеге жуық қаржы сұратқан. Алайда жауапты ведомство министрліктердің кейбір сұраныстарын қанағаттандырмай тастапты. Себебі шенділер 5 трлн теңгенің не үшін қажет болғанын түсіндіре алмаған көрінеді. Сонымен келесі жылы алдымен қандай жобаларға активтер бағытталады?

ҚАЙЫРКЕН ОТЫНШЫ, ТІЛШІ:

Құрылтай депутаттары бір сәтке де дамыл таппады. Кеше ғана жалпы отырысқа жиналған халық қалаулылары бүгін министрлік өкілдерімен тағы бас қосты. Күн тәртібінде өте күрделі тақырып. Олар алдағы 3 жылға қажетті бюджет жобасын бекітулері керек. Бірақ жылда қайталанатын бір көрініс. Мемлекеттік органдардың уақыт өткен сайын тәбеттері ашылып келеді. Мәселен, келесі жылға қазынадан шенділер 37 трлн теңгеге өтінім берген. Десе де, Құрылтай депутаттары бұл шығыстарды қайта тексеру қажеттігіне тоқталды.

ДАНИЯ ЕСПАЕВА, ҚР ҚҰРЫЛТАЙЫНЫҢ ВИЦЕ-СПИКЕРІ:

2027 жылдың бюджеті іс жүзінде қауіпсіздік қоры жоқ болып отыр қалыптасқан. Шығыстар – 30,2 трлн теңге, яғни шекті деңгейдің 100 пайызы. Тапшылық – ЖІӨ-нің 2,3 пайызы, бұл да барынша рұқсат етілген бағдар. Әрбір ірі шығынның заңды негізі, іске асырудың дайын тетігі және өлшенетін мемлекеттік нәтижесі болуы керек. Егер ақша жобаға, әдістемеге немесе нақты нәтижеге дейін озып кетсе, бюджет қабылданғанға дейін түзетілуі тиіс.

Келесі жылғы бюджеттің 35 пайызы адами капиталға бағытталады. Ол түсінікті нәрсе. Там-тұмдап бөлінген соманың біраз бөлігі әлеуметтік қамсыздандыру мен денсаулық сақтау салаларына жұмсалады. Сондай-ақ жобада инвестициялар мен өңірлерді қолдау, қауіпсіздік пен мемлекеттік басқару сынды секторлар бар. Бірақ 50 емес, 500 млн емес, 5 трлн теңгенің не үшін қажет болғанын шенділердің өздері түсіндіре алмады.

АБЗАЛ БЕЙСЕНБЕКҰЛЫ, ҚР ҚАРЖЫ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

Оның ішінде 5,1 трлн теңге тіпті негізсіз шығыстар еді. Олардың қажетті нормативтік құқықтық актілері, әдістемелері, тарифтері және растайтын құжаттары жоқ, сондай-ақ республикалық бюджеттен қаржыландыру қажеттілігі негізделмеген.

ҚАЙЫРКЕН ОТЫНШЫ, ТІЛШІ:

Сондай-ақ, Құрылтай төрағасының орынбасары Дания Еспаева бүгінгі жиынға ешқандай дайындықсыз, артынып-тартынып жетіп келген шенділерге шүйлікті. Себебі Көлік вице-министрі Дамир Қожахметов өз ведомствосының шығыстары бойынша сауалға кібіртіктеп, нақты жауап бере алмады. Атқамінер сұрақтарға жазбаша түрде ақпарат беремін деп құтылуға тырысқан.

ДАНИЯ ЕСПАЕВА, ҚР ҚҰРЫЛТАЙЫНЫҢ ВИЦЕ-СПИКЕРІ:

Құрметті мемлекеттік органдардың өкілдері, бүгін біз жауапты вице-министрлерді шақырдық. Сондықтан бұл сіздер жатқа білетін үш жылдық бюджет жобасы деп үміттенемін. Оны жақында ғана бекіттіңіздер. Бүгін үш жылдық бюджетті қарастырып отырып, «жазбаша түрде ұсынамыз» деу дұрыс емес. Сол себепті қалған вице-министрлердің барлығынан депутаттардың сұрақтарына барынша толық жауап беруді және жазбаша жауаптарға сілтеме жасамауды сұраймын. Жазбаша жауаптар қабылданбайды.

Жалпы, республикалық бюджет туралы заң жобасы 37 баптан тұрады. Келесі жылы кірістер шамамен 25 трлн теңгеге жуықтайды екен. Ал шығыстар 30 трлн теңгеден асып жығылуы мүмкін. Бірақ бұл құжаттар ең негізгі шикізатымыз мұнайдың баррелі 70 доллар болады деген есеппен түзілген. Қара алтынның құны күрт құлдырап кетсе, жағдайдың қиындайтыны айтпаса да түсінікті. Сондай-ақ, келесі жылы мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру үшін Ұлттық қордан 2 трлн теңге бағытталады.

АЗАМАТ ӘМРИН, ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА БІРІНШІ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

Әлеуметтік инфрақұрылымды салу жөнінде ауқымды бағдарламаларды іске асыру міндеті қойылды. Осыған байланысты аса маңызды объектілер мен жалпы ел үшін маңызы бар жобаларды қаржыландыру үшін Ұлттық қордан 2027 жылы 2 трлн теңге, 2028-2029 жылдары жыл сайын 1,5 трлн теңге көлемінде нысаналы трансферт көзделді.

ҚАЙЫРКЕН ОТЫНШЫ, ТІЛШІ:

Қаржы мәселесіне келгенде депутаттар мен министрлердің жалақысы туралы сөз қозғалмай тұра ма? Жуырда мемлекеттік қызметкерлердің айлығына қатысты енгізілген мораторий күшін жойды. Ведомство өкілдері көпшілікті толғандырған сұраққа жауап берді. Қаржы вице-министрі Абзал Бейсенбекұлы жалақы көтеруге қосымша ақша қарастырылмағанын кесіп айтты. Бұл тек келесі жылға ғана. Осы тұста бюджет деген қарт әженің орамалына түйіп жинайтын тиынындай қадірлі болса дейсің!

← Барлық жаңалықтар