Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 21 қаралым

Сеул сапары: $19 млрд қайда жұмсалады?

Президент осы аптада Сарықұрлық алпауыттарына сапарлап қайтты. «Таңғы жұпар» еліндегі маңызды кездесуде шешілген мәселе көп. Мәселен, 19 миллиард долларға жуық коммерциялық жаңа келісім жасалды. Бұған дейін де Кореядан 12 миллиард доллар инвестиция құйылған. Енді екі ел бірігіп дрон жасайтын болады. Сондай-ақ көлік өнеркәсібінде де көл-көсір пайдаға кенелетін түріміз бар.

Қасым-Жомарт Тоқаев Сеулге Оңтүстік Корея Президенті Ли Чжэ Мёңнің шақыруымен мемлекеттік сапармен барды. Шағын және кеңейтілген құрамдағы келіссөздерде тараптар бұған дейінгі стратегиялық әріптестіктің аясын кеңейту жөнінде шешім қабылдады.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Бүгін екіжақты қарым-қатынасымызды болашаққа бағдарланған жан-жақты стратегиялық серіктестік деңгейіне көтеру жөнінде маңызды уағдаластыққа қол жеткіздік.

Екі ел басшыларының кеңейтілген құрамдағы келіссөздері сәтті болды. Мұны өзара алмасқан құжаттардан байқауға болады. 12 үкіметаралық және ведомствоаралық келісім мұнай саласын, бейбіт атомды, ғылым, еңбек қатынастары, зияткерлік меншік, инфрақұрылым және цифрлық технологияны қамтиды. Яғни ынтымақтастық дәстүрлі саудадан технологиялық кооперацияға қарай ойысады.

ҚЫРМЫЗЫ ЖАНДОС, ТІЛШІ:

Корея – технологиясы дамыған, бірақ табиғи ресурсы шектеулі мемлекет. Қазақстанда қажетті шикізат қоры бар, алайда оны терең өңдеу үшін озық технология керек. Сондықтан екі елдің экономикалық мүддесі осы жерде тоғысады. Қазақстан үшін маңыздысы – минералдарды дайын күйінде сатпай, өңдеу өндірісін ел ішінде қалыптастыру.

Сапар аясында жалпы құны 19 миллиард долларға жуық 80-дей коммерциялық жаңа келісім жасалды. Бұған Кореядан осы уақытқа дейін келген 12 миллиард доллар инвестицияны қосыңыз. Қазір екі ел құны 4 миллиард доллардан асатын 51 жобаны жүзеге асырып жатыр. Атап айтқанда, Hyundai Motor Group басшылығымен кездесуде еліміздегі көлік өндірісін кеңейтіп қана қоймай, бөлшектерді өндіруді тікелей Қазақстан ішінде локализациялау мәселесі нақтыланды.

ЕРЖАН ӘУЕЗОВ, DKB GROUP КОМПАНИЯСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Мынау орындықты бұрын біз Оңтүстік Кореядан 2000 долларға сатып алып, Қазақстанға әкелетінбіз. Қазір осы орындықтарды Қазақстанда шығарғандықтан, біз 300 долларды төмендеттік. Сол 300 доллар қазір Қазақстанда қалып жатыр. Ол ақшаға кәсіпорын салдық, жұмыс орындарын аштық және несиелерімізді төлеп жатырмыз.

Мұндай жергіліктендіру тәсілі енді күрделі техника өндірісінде де қолданылып жатыр. Соның бірі – Павлодардағы ұшқышсыз аппараттар шығаратын бірлескен кәсіпорын.

ҚЫРМЫЗЫ ЖАНДОС, ТІЛШІ:

Айбар, Самғау, Қыран, Керме. Павлодар облысында кореялық инвесторлармен бірлесіп шығарып жатқан төрт дронның атауы. Қазіргі таңда құрамдас бөлшектің елу пайызға жуығы Қазақстанда өндіріледі. Бұл инвестицияның нәтижесі – жаңа жұмыс орны, жаңа өндіріс.

Дрондарды құрастыру – жобаның алғашқы кезеңі. Келесі міндет – өнімнің технологиялық өзегін құрайтын бөлшектерді Қазақстанда шығару.

ЛИ ЧЖОН ГЁН, «PRENEU CO., LTD» КОМПАНИЯСЫНЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ:

Біздің бірлескен өндірістік жобамыз Павлодар қаласында қазақстандық «DKB Group» компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылуда. Кәсіпорнымыз «Korea Kazakhstan Drone Systems» деп аталады. Біз ұшақ үлгісіндегі ұшқышсыз ұшу аппараттарының төрт түрін, сондай-ақ мультикоптерлерді құрастыруды бастап кеттік. Алдағы уақытта авионика, коммуникация, байланыс және басқару жүйелерін кезең-кезеңімен енгізуді жоспарлап отыр.

Президенттің мемлекеттік сапары алғаш рет өтіп отырған «Орталық Азия – Корея Республикасы» саммитімен жалғасты. 10 жылдай бұрын басталған диалог форматы тұңғыш рет мемлекет басшылары деңгейіне көтерілді. Бизнес-саммитте Қасым-Жомарт Тоқаев аймақ экономикасының көлемі 550 миллиард долларға жуықтап, өсім 6 пайыздан асқанын айтты. Президент Орталық Азияның ресурстық әлеуетін Кореяның технологиялық және қаржылық мүмкіндіктерімен ұштастыру серіктестікті жаңа деңгейге шығаратынын атап өтті. Қазақстан 2028 жылы екінші саммитті Астанада өткізуге дайын екенін мәлімдеді.

ҚЫРМЫЗЫ ЖАНДОС, ТІЛШІ:

Сеулдегі мемлекеттік сапар Қазақстан мен Корея арасындағы екіжақты байланысты күшейтіп қана қоймай, оны жаңа өңірлік форматпен толықтырды. Қазақстан үшін ендігі негізгі көрсеткіш – келісімдердің жалпы сомасы емес, ашылатын кәсіпорындар, құрылатын жұмыс орындары және ел ішінде өндірілетін дайын өнім көлемі болмақ.

← Барлық жаңалықтар