Қыршын кеткен сарбаздардың отбасы мен жақындарына қарапайым азаматтар мен бизнес өкілдері көмегін аяп қалған жоқ. Партиялар мен депутаттар да шетінен қосылып жатыр. «Әділет» партиясы қаза тапқан және зардап шеккен жауынгерлердің жанұяларына 1,5 млрд теңге аударатынын, ал «Республика» партиясы 100 млн теңге бөлетінін мәлімдеді. Құрылтай мүшелері де ерікті түрде қаражат жинауға кіріскен. Қазіргі уақытта 146 млн теңгенің басы құралыпты. Осы орайда Маңғыстау облысының әкімдігі қызметкерлердің бір күндік жалақысын аударуға қатысты ешқандай тапсырма берілмегенін хабарлады. Жергілікті орган «көмек көрсету я көрсетпеу – әр адамның жеке шешімі» екенін атап өтті.
МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫ ӘКІМДІГІНІҢ МӘЛІМДЕМЕСІ:
Қаражат аудару тек ерікті түрде жүзеге асырылады. Облыс әкімдігі тарапынан азаматтарға, кәсіпкерлерге, ұйымдарға немесе олардың қызметкерлеріне қаражат аудару туралы ешқандай тапсырма, талап немесе нұсқау берілген жоқ және берілмейді. Сондай-ақ қызметкерлердің бір күндік жалақысын аударуы туралы ешқандай тапсырма берілген жоқ. Қолдау көрсеткісі келетін азаматтар қордың ресми реквизиттері арқылы қаражатты ерікті түрде аудара алады немесе қаза тапқан әскери қызметшілердің туыстарына тікелей материалдық көмек көрсете алады.