Шымкенттегі ағайын демала алмай жүр. Кең тыныстайын десе, бұрынғы карьердің орны кедергі келтіреді. Шұңқырға қоқыс үйіліп, қараша әбден тұншығып әлек. Ала жаздай есік-терезелерін қымтаумен болған тұрғындар арызын арнамызға айтуға мәжбүр болыпты.
Шымкент қаласындағы 238-ші орамдағы карьерден кірпіш зауыты топырақ алып, өз пайдаларына жаратып келген. Алайда соңғы 7 жылдың көлемінде жұмыс тоқтап, үйлердің жанында үлкен ор пайда болыпты. Енді 2-3 айдың көлемінде үлкен техникалар кіріп, карьерге түрлі қоқыстарды тастауды шығарыпты.
ӘНИПА ТӨРТБАЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Ол өртенеді. Бастапқы уақытта қаланың бір жаман иістері бізге де келетін. Ол енді жиі болмайтын. Ол зауыттардан деп жүрдік. Ал енді мынау ала жаздай кешке де осы иіс, азанда да осы иіс. Жел болса болды, есік-терезені жауып аламыз, далаға шыға алмаймыз. Ащы резина иісі ме, кислота иісі ме, түтіндеп келеді.
Сасық иістен сілелері қата жаздағандар жанып, бықсып жатқан қалдықтарды тауып алыпты. Сөйтсе, көліктің бөлшектерін әлдебіреулер әкеліп тастапты. Тіпті өртенген кезде төңірек көрінбей қалатындай көк түтін басады екен. Оған жүк көліктері жүрген кездегі шаңды тағы қосыңыз. Салдарынан тұрғындар астма және аллергия ауруларына шалдығып, екі күннің бірінде жедел жәрдем шақырып әлек болады екен.
АЛЬФИРА АКТАМОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Балалар үшін қорқамыз. Мына жерде отын жатады, темір жатады, мусор жатады. Егер мына глинаға бала басып кетсе, ішіне кіріп бата салады ребенок. Никто не найдет.
Оның үстіне тар жолмен жүйткіген жүк көліктерінен де қорқамыз дейді жиналғандар. Бірнеше мәрте полицейлерді шақырып, ескерту жасағанымен, оған пысқырмайды екен. Тіпті КамАЗ айдайтындар топырақтың орнын құрылыс қалдықтарымен толтыруға әкімшілік рұқсат берді деп айтыпты. Тұрғындар бас көтерген соң, ырғалып-жырғалып аудандық әкімдіктің өкілі келді. Бірақ оның айтқан сөздеріне халық құлақ аспай, мәселені шешіп бере алатын ақ жағалыны шақыртуды талап етті. Алайда аудан әкімінің орынбасары да мәселе бойынша жарытып толыққанды ақпарат бере алмады.
МАРЛАН ЖОЛДАХМЕТОВ, ЕҢБЕКШІ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Сот шешімімен осы жерді рекультивация жасауы керек болған. 2024 жылы жасалмағандықтан, жайлы орта басқармасы тарапынан сотқа беріліп, сотпен міндеттелген рекультивация жасауға. Сол жұмыстар бүгінгі күні атқарылып жатыр.
Алайда істеліп жатқан жұмыстар тұрғындардың көңілінен шықпайды. 7-8 жылдан бері не деген бітпейтін тірлік екенін түсіне алмайды. Ал кірпіш зауытының өкілі де қатырып ешнәрсе айтпады. Тек екі аптаның көлемінде жарды 70 градусқа еңіс қылып жасап береміз деп құтылды. Айналаға күнде су шашып, шаңын шығармай, тұрғындардың айтқанын істеп беремін деп тайып тұрды. Ал төңіректегі жұрт рекультивация жұмыстары аяқталған соң, түтін де, қоқыс та, мазаны алатын жүк көліктері де көздерінен жоқ болады деп үміттенеді.