Мазмұнға өту
· 12 қаралым

Әлем жаңалықтары

Әлем мұхиттарында ойран салып жатқан дауылдардың да бір пайдасы бар екен. Табиғат ана бір ашуына мінсе, су түбінде жатқан қайықтарды да жағаға шығарып тастауға қауқарлы көрінеді. Дәл осындай ерекше оқиға АҚШ жағажайында болды. Американың солтүстік-шығыс бөлігіндегі жойқын жел 142 жылдан бері теңіз түбінде тыныштық тапқан, оны шығаруға небір заманауи техниканың күші жетпеген ескі кемелерді адам баласына қайтарып берді.

ЕКІ ПИЛОТ ЖАҒА ЖЫРТЫСТЫ

Халықаралық авиацияда тағы бір ірі апат бола жаздады. Дубайдан Израильге бағыт алған Boeing-737 ұшағы Тель-Авивке жетпей, жердегі қызметке дабыл берді. Шұғыл хабарламада Fly Dubai рейсін белгісіз топ басып алуға оқталғаны айтылған. Тіпті әу баста террористік шабуыл болуы ықтимал деген де жорамалдар шықты. Сөйтсек, лайнердің пилоттары Ресей мен Украина азаматтары екен. Олар бір мәселеге дауласып, дәл кабинада жаға жыртысқан. Басқарусыз қалған ұшақ арлы-берлі теңселіп, 4 мың 500 метр биіктіктен әп-сәтте 1 мың метрге дейін төмендеген. Кейіннен пилоттардың бірі лайнерді Сауд Арабиясына қарай бағыттап үлгеріпті. Ұшақтың бортында 174 жолаушы отырған. Оның 27-сі бала. Әу баста кабинада не болғанын білмеген жолаушылар террористік шабуылға тап болдық деп ойлап, абдырап қалыпты. Абырой болғанда, төбелестен кейін рейс Саудия корольдігінің Табук қаласындағы әуежайға қонды. Ал әуе компаниясы ауқымды тексеріс бастады.

ТАҒЫ БІР РЕКОРД ТІРКЕДІ

Жапония тағы бір рекорд қойды. Күншығыс елі цунами, жер сілкінісі емес, толассыз нөсерден ерекше нәтиже тіркеді. Аралды мемлекетте 34 тәуліктен бері толассыз жаңбыр жауып, 140 жылдан бері қаймағы бұзылмаған климаттық рекордты жаңартты. Ел астанасында 27 тамыздан бастап аспан тесілгендей, жауын-шашын бір сәтке толастамапты. Ал бұған дейінгі нәтиже 33 күнді құраған екен. Метеорологтар ол құбылысты 2019 жылы жаз мезгілінде байқаған. Ал мамандар биылғы жаңбырлы маусымды Хонсю аралдарына жеткен атмосфералық қысыммен байланыстырады. Мәселен, Токиода қыркүйектің өзінде 621 миллиметр жауын-шашын түскен. Бұл қалыпты көрсеткіштен 3 есе жоғары. Бір қызығы, айдан астам жаңбыр шелектеп жауса да, қаланың су ағызу жүйесінен титтей де ақау шықпаған.

ОҚУШЫЛАР ЕРЕУІЛГЕ ШЫҚТЫ

Еуропада жаппай ереуілдер толастар емес. Бұл жолы Францияда жоғары сынып оқушылары бас көтерді. Жеткіншектер елдегі оқу бағдарламасына көңілдері толмай, шулап жатыр. Тіпті ашуға булыққан жастар сабақтарын тастап, Париж көшелерінде тәртіпсіздіктер ұйымдастыруға кірісті. Білім министрлігінің дерегінше, бір тәуліктің өзінде республика бойынша 338 лицейдің тәлімгері наразылық акциясына қатысқан. Ал жаппай қиратулардан сескенген кейбір мектеп басшылығы білім ошақтарының жұмысын уақытша тоқтатты. Соңғы ақпараттарға сүйенсек, шектен шыққан оқушылар 10-нан астам мұғалімді жарақаттаған. Ал тәртіп сақшылары ереуілді ұйымдастырды деген күдікпен 50-ге жуық жеткіншекті қамауға алды.

ҚАЙЫҚ АУДАРЫЛДЫ

Әлем мұхиттарында кеме апаттары азаятын емес. Бұл жолы Кариб бассейнінде ауа райының қолайсыздығына байланысты қайық бір бүйіріне жантайып қалды. Су көлігінің бортында 60 жолаушы болған. Ал төтенше оқиға Пуэрто-Рико аралдарының маңында тіркелді. Азаматтардың дабылына алғаш болып Американың сол маңда жүзіп жүрген Әскери-теңіз күштерінің кемесі үн қатқан. АҚШ жауынгерлерінің ылдым-жылдым ұйымдастырған операциясының арқасында 40 адам эвакуацияланды. Алайда сарбаздар екі азаматтың өмірін сақтап қала алмады. Құтқару жұмыстары әлі де жалғасып жатыр. Қайық аударылған соң жолаушылар бірнеше сағат көмек күтуге мәжбүр болыпты.

← Барлық жаңалықтар