Қайбір жылы Тараздың шенеуніктері жер-жерге тал егіп жарысып кетіп еді. Оны жарияға жар салып, әлеуметтік желілерде де жарыса жазды. Әлеуметтің айтуынша, сол егілген тал-дарақтар қазір қурап қалыпты. Қараша бастапқыда қарқыны мықты болғанымен, бір суретке түсіп кеткен соң, алқап әдеттегідей қараусыз қалды дейді. Жұртқа бұл іс ел үшін емес, есеп үшін жасалғандай әсер қалдырыпты.
НҰРБАНУ ЖОЛДЫБЕКОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Су құйғанын көрген емеспін. Қурап кеткен талдың бәрі. Саябақ деп екті басында әдемі қылып. Трактормен жыртып, егіп, күшті болатын шығар деп ойлағанбыз егілген кезде.
Ал қала әкімдігінің мәліметінше, айналаны көгалдандыру мақсатында Шөлдала алабына көшеттерді Тараз орман мекемесі отырғызған екен. Суару жүйесі жүргізілмегендіктен, 3,5 гектар жердегі 1500 түп ағаштың барлығы дерлік қурап қалғанын растады.
НҰРДОС СЕМБЕК, ТАРАЗ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ КЕҢЕСШІСІ:
Суару жүйесі алдымен жүргізілмегендіктен, ол талдардың барлығы егілген сәттен кейін-ақ көгеру деңгейі төмен болып, қазіргі жағдай орын алып отыр. Дәл қазіргі таңда аталған жерге тал егу жұмыстары әзірше жоспарымызда жоқ. Өйткені суару жүйесі жүргізілмеген.