Конго Демократиялық Республикасында Эбола індетінен көз жұмғандар саны 4 мыңнан асты. Жалпы 8300-ден астам адам вирус жұқтырған. Алайда елдің Денсаулық сақтау министрлігі аурудың таралу қарқыны бәсеңдеп, кейбір аймақтарда жағдайдың тұрақталғанын мәлімдеді. Эпидемия ауқымы тарылып, қазір тек жекелеген аудандарда ғана байқалып отыр.
САМЮЭЛЬ РОЖЕР КАМБА, КОНГО ДР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ:
Бүгінде бұл тұтас бір провинцияны жайлаған эпидемия емес. Індет тек жекелеген аймақтарда ғана қалды. Біздегі 63 денсаулық сақтау аймағының 12-сінде соңғы 42 күн ішінде ешқандай жаңа жағдай тіркелген жоқ. Вирус таралған аумақтар саны айтарлықтай азайды.
Оң өзгерістерге қарамастан, «Шекарасыз дәрігерлер» халықаралық ұйымы нақты құрбандар саны ресми мәліметтен әлдеқайда көп болуы мүмкін деп дабыл қағуда. Өйткені елдің шығысындағы қарулы топтар бақылайтын аумақтарда қауіпсіздіктің жоқтығы ауруды анықтауға және дәрігерлердің жұмысына үлкен кедергі келтіріп отыр. Мәселен, көтерілісшілердің қолындағы аудандарда жақында тағы алты жаңа жағдай тіркелген.