Мазмұнға өту
· 10 қаралым

Әлемді жайлаған әлеуметтік толқулар

Жаһан жастары жанталасып әлек. Осы аптада әлемнің әр түкпіріндегі қыз-жігіттер әділдік іздеп, шарқ ұрды. Бір мемлекеттегі қыз-жігіттер білім саласындағы өзгеріске қарсы өре түрегелсе, енді бір елде оқушылар мен студенттер оқу орнындағы ахуалға ашынып, алаңға шықты. Жалақының жыларман жайын күйттеп ұрандатқан ұстаздар да бар.

ЧИЛИ ЖҰРТЫ АШУЛЫ

Чилиде білім саласының бюджетін қысқартуға қарсы шыққан студенттер шеруі қақтығысқа ұласты. Сантьяго орталығында жиналған жүздеген адамды тарату үшін полиция су шашып, көзден жас ағызатын газ қолданды. «Білімге бөлінетін бірде-бір песо қысқармасын!» деген ұранмен шыққан жұрт 2027 жылғы бюджет жобасында шәкіртақы мен субсидиялар азаяды деп қауіптенеді.

ЛЕОНАРДО ГЕРРЕРО, ФИЛОСОФИЯ ПРОФЕССОРЫ:

Білім мен денсаулық сақтау саласының қаржысын қысқартудан ешкім ұтпайды. Иә, бұл талапты алдымен студенттер көтерді, бірақ қазір мұнда бәріміз — оқытушылар, кәсіподақ, қарапайым халық жиналып тұрмыз. Біз үкіметтен өз міндетін дұрыс атқарып, қаражатты қысқартуды тоқтатуды талап етеміз.

Наразылық акциялары Чилидің бірнеше қаласында өтіп жатыр. Тәртіп сақшылары шерушілерді тарату кезінде бірнеше адамды қамауға алды. Қазір ел конгресі 2027 жылдың бюджетін талқылау үстінде. Ел президенті шығыстарды сәл арттыруды ұсынғанымен, соңғы он жылда жиналған қарыз жүктемесіне байланысты қатаң қаржылық тәртіпті талап етіп отыр. Дегенмен билік білім, зейнетақы және медицина салалары барынша қорғалатынына уәде берді.

ФРАНЦИЯ ЖАСТАРЫ КӨШЕГЕ ШЫҚТЫ

Францияда да мектеп оқушылары мен студенттер жаппай ереуілге шығып, тәртіп сақшыларымен қақтығысты. Лилль және Париж маңында жастар қоқыс жәшіктерін өртеп, көшелерге баррикада құрған. Олар оқу орындарындағы қарапайым жағдайдың жоқтығына наразы. Ғимараттар ескірген, сыныптарда су жоқ, мұғалімдер тапшы. Шерушілер үкіметтен білім саласын қаржыландыруды талап етіп отыр. Бірақ билік алдағы жылдың бюджет шығындарын қысқартуды жоспарлап отырғандықтан, жағдай ушығып барады.

МАТИАС НИКОЛЬ, СТУДЕНТ:

Терезелер шағылған. Оны ашу үшін әр сыныпқа өзіміз тұтқа орнатып әлек боламыз. Су да, тіпті дәретхана қағазы да жоқ, нағыз антисанитария. Күн суытып келеді, ал бізде тоңған кезде жылынатын арнайы бөлме де қарастырылмаған.

Жаппай наразылыққа ұстаздар да қосылып, кейбір оқу орындарының жұмысын бұғаттап тастады. Мұғалімдер оқушылардың болашағы үшін алаңдайды. Өйткені мұндай күтімсіз, қарапайым жағдайы жоқ мектептерде сапалы білім беру мүмкін емес дейді олар.

ЭНДЕР КАЛМАН, МҰҒАЛІМ:

Ұстаз ретінде мұны көру өте ауыр. Біз шынымен де сұмдық жағдайда сабақ беріп жүрміз. Компьютер, кабель, колонка — бәрін үйден өзім тасимын. Мұның зардабын оқушылар тартып жатыр. Жыл соңында олар емтихан тапсыруы керек, қазір олардың болашағы шешіліп жатқан маңызды сәт.

Қақтығыстар мен ереуілдер салдарынан ондаған адам зардап шеккен. Франция үкіметі жастардың бұл әрекетін «жауапсыздық» деп сынағанымен, мектептердегі қордаланған мәселелерді жоққа шығармайды. Дегенмен дағдарыстың қашан және қалай шешілері әзірге белгісіз. Өйткені парламентте талқыланып жатқан елдің жаңа бюджетінде білім саласына қосымша қаржы бөлу емес, керісінше, мемлекеттік шығындарды барынша қысқарту көзделген.

ҰСТАЗДАН ҚАДІР КЕТТІ

Еуропада оқушылар ереуілдетсе, Ливияда ұстаздар жаппай көшеге шықты. Мұнда жаңа оқу жылы әлі басталған жоқ. Өйткені мұғалімдер қыркүйектің ортасында басталған шеруді мерзімсіз жалпыұлттық акцияға ұластырды. Олар жалақының төмендігі мен мектептердегі жағдайдың мүшкілдігіне наразы. Сыныптар тозған, компьютерлер жоқ. Тіпті қажетті құрал-жабдықты мұғалімдер мен ата-аналар өз қалтасынан алуға мәжбүр.

ХАМЗА ӘЛ-ФИРЖАНИ, МҰҒАЛІМ:

Жалақы тым аз болғандықтан, сабақтан соң басқа жерде қосымша жұмыс істеуге мәжбүрміз. Амалы таусылған көптеген әріптестерім мектептен мүлдем кетіп жатыр. Бұл — ұстаздарға жасалған үлкен қиянат. Біз бұған дейін де талай рет наразылыққа шықтық. Үкімет мәселені шешуге уәде бергенімен, оның бәрі құр сөз болып шықты. Ешбір уәде орындалған жоқ.

Наразылыққа елдің батысы мен шығысындағы мектептер, соның ішінде Триполи мен Бенгази қалаларының ұстаздары да қосылды. Білім министрлігі бұған қатысты әзірге жақ ашқан жоқ. Ал ата-аналар оқу процесінің тоқтап қалғанына алаңдаулы. Жалпы 2011 жылғы төңкерістен кейін Ливия әлі де толық оңала қойған жоқ. Экономикалық тұрақсыздық жайлаған елде жарықтың жаппай сөнуі мен мұнай кен орындарындағы жұмысшылардың ереуілдері қалыпты жағдайға айналған.

ӨЛМЕСТІҢ ҚАМЫ

Франция мен Ливия мектептеріндегі жағдай — Газалықтар үшін арман. Мұнда тұрғындар гуманитарлық көмекпен келген ағаш төсеніштерді кәдеге жаратуға мәжбүр. Израиль билігі анклавқа құрылыс материалдары мен ағаш кіргізуге қатаң шектеу қойған. Сондықтан жергілікті ұсталар қалдық тақтайларды бөлшектеп, одан тұрмыстық жиһаздар жасап жатыр. Бұл соғыс жайлаған аймақтағы халықтың күн көруі мен жұмысын жалғастыруының жалғыз амалы.

МАХМУД ӘБУ ӘЛ-КАС, АҒАШ ҰСТАСЫ:

Кәдімгі ағашты кіргізуге тыйым салынғандықтан, тауарлар мен гуманитарлық көмек тиеліп келген төсеніштерді пайдалануға көштік. Ол сапалы ағаштың орнын баса алмайды, бірақ қолда бар дүние осы. Қазір жаңа оқу жылына оқушыларға арнап парталар жасап жатырмыз.

Ағаш тақтайлар тек жиһаз жасауға ғана емес, тамақ пісіру үшін отын ретінде де жұмсалады. Өйткені Газада тұрмыстық газ тапшы. Ал қаладағы қыздар мектептерінің бірінде тіпті сынып бөлмелері толықтай осы қалдық материалдардан тұрғызылған. Жылдар бойы жалғасқан соғыс пен қатаң қоршау салдарынан қарапайым заттарға зәру болған палестиналықтар осылайша ауыр жағдайға бейімделіп жатыр.

БАСПАНА — БАСТЫ МӘСЕЛЕ

Испания тұрғындары баспана дағдарысына қарсы жаппай наразылыққа шықты. Шерушілер қолдарына ыдыс-аяқ ұстап шулап, көшелерге шатыр құрып жатыр. Халықтың ашуына Мадридте 70 жылдан астам уақыт бойы бір пәтерде тұрған 87 жастағы кейуананың далаға қуылуы себеп болған. Қазір ірі қалалар мен туристік орталықтарда жалдау құны шарықтап кеткен, ал қолжетімді баспана тапшы.

АРКАИТЦ АНТИЗАР, НАРАЗЫЛЫҚ БІЛДІРУШІ:

Қоғам болып әрекет ететін, өзгеріс жасайтын уақыт жетті. Барлығымыз бірігуіміз керек, әйтпесе мәселе шешілмейді. Әрине, бұл алдағы сайлау қарсаңында саясаткерлерге қысым көрсетудің бір жолы. Бірақ күресіміз ертең аяқталмайды, бұл ұзақ әрі қиын жол.

МЕРС, НАРАЗЫЛЫҚ БІЛДІРУШІ:

Шерудің маңызы зор. Өйткені жағдай өте күрделі, көптеген адамдардың пәтер жалдауға шамасы келмейді. Бұл тек жастардың ғана емес, егде жастағы және орта буын өкілдерінің де ортақ проблемасы. Халықтың неге бұған дейін көтерілмегеніне қайранмын.

Жұртшылық парламенттен пәтер жалдаушыларды қорғайтын жаңа заңдарды тез арада қабылдауды талап етіп отыр. Үкімет жақында халықтың әлеуметтік осал топтарын 2030 жылға дейін үйден шығаруға тыйым салатын қаулыларды мақұлдады. Дегенмен белсенділер бұл шаралар дағдарысты шешуге жеткіліксіз дейді. Олар жалдау ақысын негізсіз өсіруге тосқауыл қоятын маңызды заң жобасын оңшыл депутаттар бұғаттап тастай ма деп қауіптенеді.

← Барлық жаңалықтар