Қазынамызды қампайту үшін тек жерге дән сеуіп, өріске мал жайып, мақта терумен шектелу міндетті емес. Қазір IT арқылы да елімізге миллиардтаған пайда әкелуге болады. Өткен жылы бұл саладағы қызметтер экспорты 1 миллиард доллардан асқан. Астанада жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар бойынша Орталық Азиядағы ең ірі форум болды. Жүздеген елдің өкілін жинап, 20 мыңнан астам қатысушыны қызықтырған алқалы жиындағы адам таңғаларлық ақпараттарды Қырмызы Жандос біліп келді.
ҚЫРМЫЗЫ ЖАНДОС, ТІЛШІ:
Digital Bridge алаңында адам мен технологияға қатар орын берілген. Бір жерде роботтар өнер көрсетсе, енді бір жерде жаңа цифрлық шешімдер таныстырылуда. Алайда мұндағы басты назар жаңалықтың өзіне ғана емес, оның адам өміріне, экономика мен түрлі саланың дамуына тигізер ықпалына аударылған.
Биыл Digital Bridge жасанды интеллектке басымдық беріп, AI & Digital Bridge атауымен өтіп жатыр. Бірақ форумдағы басты әңгіме технологияның өзін көрсетумен шектелмейді. Жасанды интеллектіні қалай реттеу, оған қажет мамандарды қалай даярлау және технологияны нақты қай салада қолдану. Осы ретте Қазақстанның цифрлық әлеуеті экспорт көлемінен көрінеді.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Өткен жылы қазақстандық IT-қызметтер экспорты 1 миллиард доллардан асты. Цифрлық шешімдеріміз әлемнің 100-ден аса елінде қолжетімді. Бұл қадамдар мен жетістіктер еліміздегі және әлемдегі прогреске үлес қосуға Қазақстанның да ниетті екенін көрсетеді. Дегенмен озық технология саласындағы бұл жетістіктермен шектеліп қалуға болмайды. Біз еліміздің мықты технологиялық негізін қалыптастырамыз десек, инновациялық стартап-компанияларға нақты қолдау көрсетіп, озық жобаларды жүзеге асыруымыз керек.
Технологияны дамыту үшін тек идеяның өзі жеткіліксіз: оны сынап, жетілдіретін білім мен зерттеу ортасы да қажет. Форум аясында ашылған Qazaq AI Research University жасанды интеллект мамандарын даярлаумен қатар, өндіріс пен экономиканың сұранысына сай зерттеулер жүргізуге бағытталған. Президент ұсынған AI+X тәсілі жасанды интеллектіні энергетика, медицина, қаржы және өндіріс секілді нақты салалармен ұштастыруды көздейді. Қазақстанның табиғи байлығы мен географиялық орны жасанды интеллектіні ел игілігіне жаратуға қандай мүмкіндік береді? Сарапшының пікірінше, жаңа бастамалар осы әлеуетті ашуға серпін бере алады.
ОЛАФ ГРОТ, ЖИ САЛАСЫНДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ САРАПШЫ:
Қазақстан дамудың бетбұрыс кезеңінде тұр. Елдің табиғи ресурстары, Орталық дәлізі, ауыл шаруашылығына жарамды жерлері мен ураны бар. Жасанды интеллект осы салалардың тиімділігін арттырып, жаңа құндылық жасауға көмектесе алады. Qazaq AI Research University осы өзгеріске серпін беретін маңызды орталық бола алады. Университет технологиямен ғана шектелмей, адамға, этика мен басқару қағидаттарына да басымдық беруі керек. Қазақстан Сингапур немесе қазіргі БАӘ секілді жаһандық хабқа айналуы мүмкін.
Форумда жасанды интеллектіні күнделікті өмірге жақындататын тың жобалар көпшілік назарына ұсынылды. Мәселен, ALFA жобасы ауыл мектебіне арналған ақылды диагностика жүйесі оқушының қай пәннен қиналып жүргенін анықтап, мұғалімге дер кезінде қолдау көрсетуге көмектеседі.
ТИМУР ТУРЛОВ, КӘСІПКЕР:
Қазақстанның технологиялық экожүйесі жыл сайын жетіліп келеді. Биыл форумға миллиардтық бағасы бар компаниялар көп қатысып отыр. Стартаптар да, жастар да аз емес. Компаниялар жасанды интеллектіні енгізіп, робот техникасын жұмыс үдерісінде қолдана бастады. Олар енді технологияның сыртқы көрінісіне ғана қызықпай, жұмыс барысын түбегейлі жақсартуға ден қойып отыр. Қазақстандық форум мазмұны мен қызығушылығы жағынан біз қатысып жүрген көптеген батыс форумдарынан кем түспейді.
ҚЫРМЫЗЫ ЖАНДОС, ТІЛШІ:
Дәл қазір менің қарсыласым — адам емес, робот. 2-3 жылдан кейін дәл осындай көрініс үйреншікті дүниеге айналуы мүмкін.
Расында да, кеше ғана қиял боп көрінген технология бүгін күнделікті өмірімізге дендеп еніп келеді. Бастысы — осынау цифрлық серпіліс қоғамға тек пайдасын тигізіп, адам мүмкіндігін арттыруы қажет. Сондықтан жасанды интеллектіні дамыту — тек экономикалық емес, әлеуметтік маңызы бар стратегиялық қадам. Бұл ретте Мемлекет басшысы технологиялық жетістіктерді ең алдымен қарапайым халықтың игілігіне жарату қажеттігін қадап айтты.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Цифрландыру және жасанды интеллект жылының басты мақсаты — қол жеткізілген табыстарды әр азаматтың игілігіне айналдыру. Жаңа технологиялық дәуірде еліміздің лайықты орын алуына қажетті алғышарттар бар. Табысымыз терең білімге, батыл шешімдерге, прагматикалық тәсілдер мен жауапты іс-әрекетке байланысты болмақ. AI & Digital Bridge таланттар мен идеяларды біріктіріп, халықаралық ынтымақтастықты тереңдете түсетініне, өршіл жобаларды қолға алуға ықпал ететініне сенімдімін.
Digital Bridge — жай ғана көрме емес, нақты шешімдер дүниеге келетін ұстахана. Жыл сайын халықаралық сарапшыларды жинайтын форумның басты мақсаты да осы — жалаң идеяны нақты іске айналдыру. Өйткені кез келген технологиялық бастаманың құны оның ел экономикасына қосқан үлесімен және халық өмірін қаншалықты жеңілдеткенімен бағаланады. Қазақстанның Еуразиялық жасанды интеллект хабы ретіндегі мәртебесін де осындай нақты нәтижелер ғана бекіте түспек.