«Нан қоқымын шашпаңдар, жерде жатса баспаңдар…!»
Астанада халқымыздың осы бір ұстанымын ұлықтап, ас атасын ардақтауға үндейтін айрықша фестиваль өтті. Игі бастама ысырапшылыққа тоқтау салып, тоқшылық заманда нанға деген құрметті арттыруды көздейді. Іс-шараға еліміздің әр түкпірінен ондаған өндіруші жиналған. Олар көпшілікке ең таңдаулы өнімдерін ұсынды.
Эрик Сакаев, Ұн өндіруші:
Біздің ұнымыздың құрамында глютен, яғни ақуыз жоғары. Себебі сапалы астық пайдаланамыз. Бұл негізінен жергілікті Қарағанды облысының өнімі. Жоғары, бірінші, екінші сұрыптар мен кебек шығарамыз. Әр өнімнің өз тұтынушысы бар. Ұнды алыс-жақын шетелдерге де шығарып жатырмыз. Бірақ басты мақсатымыз — жергілікті тұтынушыларымызды қамтамасыз ету.
Аталған жоба азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға, өсімдік шаруашылығының өнімділігін арттыруға бағытталған, дейді ұйымдастырушылар. Ашық аспан астында өткен фестивальге келушілер ыстық наннан дәм татып, оның дән мен топырақтан дастарқанға дейінгі жолымен танысуға мүмкіндік алды.
Рауан Ерұланқызы, БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының жоба координаторы:
Бұл нанның артында қаншама диқандардың, өңдеушілердің, өндірушілердің еңбегі жатқанын және осы нан дастарқанға жеткенге дейін қаншама табиғи ресурс жұмсалатынын ескере отырып, кез келген тамаққа ысырапсыз, ыждаһаттылықпен қарауға жастарды тәрбиелеу мақсатында осы Нан фестивалін өткізіп отырмыз.
Бердібек Қарынбай