Мазмұнға өту
· 15 қаралым

Әлем жаңалықтары

Миды бөлменің жарығы сияқты бір батырмамен өшіріп, керек кезде қайта қосып алатын күн жақын. Германия мен АҚШ ғалымдары бірігіп, бұрын-соңды болмаған керемет жаңалық ашты. Және бұл зерттеуі үшін күні кеше 3 нейробиолог Нобель сыйлығын да алып үлгерді. Олар Альцгеймер немесе Паркинсон сияқты күрделі ауруларға ұшыраған адамның басындағы бүлінген жерін жүйеден ажыратып тастайды. Сүйегін ашып, скальпельмен кесіп алудың қажеті жоқ, нейронға бір сәулені бағыттаса жетіп жатыр. Сары жарықты түсірсе — өшеді, көгін жақса — қайта қосылады. Әзірге бұл эксперимент тышқандарға ғана жасалған. Бірақ теориялық тұрғыда тиімділігін дәлелдеп қойыпты.

РЕЙСКЕ ҚАТЫСТЫ ТЫҢ ДЕРЕК

Израильге бағыт алған ұшақты құлатпақ болған «Флай Дубай» пилотына қатысты тың дерек шықты. Әу баста Оман елінің маманы «Боинг» лайнерін Тель-Авивтегі Бен-Гурион әуежайына бағыттап, ғимаратты жарып жібергісі келген. Ол үшін ұшқыш Израильге бір рет келіп, тыңғылықты жоспар құрған көрінеді. Еврейлік БАҚ өкілдерінің дерегінше, Хаммам әл-Хаммами бұл терактқа жалғыз өзі дайындалған. Ал өз басын бәйгеге тігіп, 180 жолаушының өмірін сақтап қалған рейстің командирі үндістандық Смит Мачхардың өзімен Израильдің премьері Беньямин Нетаньяху жеке кездесіп, алғысын білдірді. Көзсіз ерлікке барған маманның сөзінше, әріптесі құлшылық жасаймын деп шығып кетіп, алаңсыз отырған азаматтың басынан бірнеше рет ұрған екен. Есінен танып бара жатқан әуе кемесінің капитаны кабинаның есігін ашып, жолаушылардан көмек сұрап үлгерген. Қазір оқиғаның мән-жайын халықаралық азаматтық авиация мамандары анықтап жатыр. Десе де Израиль билігі бұл іске Иранның қатысы болуы мүмкін екенін айтып үлгерді.

ДЕПУТАТТАР ТӨБЕЛЕСТІ

Армения парламентінде жанжал. Халықтың мүддесін қорғап, заң қабылдайтын депутаттар бір-бірімен жаға жыртысты. Кавказ елінде билік пен оппозиция өкілдері маңызды тақырып бойынша мәмілеге келе алмай, мәселені жұдырықпен шешуге тырысқан. Ал келеңсіз оқиға «Күшті Армения» фракциясының өкілі баяндама жасап жатқан сәтте басталған екен. Депутат мінберде жұртты толғандырған сұрақты оқығанда, Ұлттық жиналыстың төрағасы бұл сауалдың күн тәртібіне қатысы жоқ деп, оның микрофонын сөндіріп тастапты. Ашуға булыққан халық қалаулысы өзіне бөлінген уақытты толық пайдалануға мүмкіндігі барын айтып, азаматтардың мұң-мұқтажын жеткізуді өзінің борышы санайтынын жеткізген. Сондай-ақ депутаттың Палата төрағасын айыптауы да отқа май құя түскендей болды. Оппозиция өкілі әріптесін депутаттарға заңсыз сыйақы беріп, мемлекет қаржысын талан-таражға салды деп кінәлаған. Көше бұзақылары сияқты бір-бірін төмпештей жөнелген депутаттарды ажыратуға полицейлер де араласуға мәжбүр болды.

АТАҚТЫ ФЕСТИВАЛЬ АЯҚТАЛДЫ

Қуаңшылық пен аптап ыстықтан әбден теперіш көрген Германия халқы бір жасап қалды. Немістер алаулатып-жалаулатып жүріп «Сыра» мейрамын абыроймен өткізіп алды. Биыл Мюнхенде 191-ші рет ұйымдастырылған «Октоберфест» шарасы бірнеше рекордтың қаймағын бұзды. Аталған ішімдік мерекесіне жер-жаһаннан 7 млн 400 мың турист арнайы барған. Сондай-ақ шетелдік азаматтар ел қазынасына да қомақты қаржы тастап кетті. Ал қонақтар жалпы 16 күн ішінде 7 млн литрге жуық сыраны тауысыпты. Десе де бұған дейінгі нәтижеге 700 мың литрдей жетпей қалды. Айта кету керек, немістердің ұлттық сыра мерекесінің тарихы 1810 жылға қарай кетеді. Сол уақытта Мюнхенде атақты бавариялық сыраны ұлықтауға арналған жиындар өткізілген екен. 2 ғасырдан бері Октоберфест шарасы соғыс пен пандемияға байланысты кейінге қалдырылса да, еш уақытта маңыздылығын жоғалтқан емес.

КӨЛІКТЕРГЕ ТАЛАП КҮШЕЙДІ

Қытай автоконцерні бұдан былай көліктерді қағаз сияқты басып, шекара асыра бермейді. Келесі жылдан бастап, шетелге темір тұлпар сатпас бұрын Бейжің брендтері бірнеше талаптарды сақтауы тиіс. Мәселен, автокөлік компаниялары жер жаһанға өз өнімін экспорттау үшін алдымен сол ел аумағында сервистік орталықтар ашуы шарт. Тиісті бұйрықты Шығыстағы көршіміздің Коммерция министрлігі шығарыпты. Құжатқа сәйкес, компания өкілдері ведомствоға шетелдік сервистік орталықтарымен келісімге келгенін растайтын құжаттарды тапсыруы қажет. Сондай-ақ көлік құрастырушылар өзге мемлекеттерде ашылған қолдау орталықтарының суретін, құрылғылар тізімін, білікті мамандар туралы да ақпарат ұсынуға міндетті. Қытай билігі осылайша автокөлік нарығын бір жүйеге келтіріп, алаяқтардың жолын кесуді көздеп отыр.

← Барлық жаңалықтар