Мазмұнға өту
· 13 қаралым

Машина құрастыру нарығындағы майдан

Кезінде жұрт жарыса мінген неміс пен жапонның көлік концерндерінің қазіргі халі мүшкіл десе де болады. Бір ғана Volkswagen компаниясында тер төккен 100 мыңға жуық жан жұмыстан қысқартылуы мүмкін. Осы маркамен отандас мақтаулы Porsche басшылығының 40 пайызы қызметтен кетеді деген жоспар бар. Ал Күншығыс еліндегі көптің аузында жүретін таңдаулы Toyota өндірісін 100 мыңға жуық машинаға дейін қысқартпақ. Әлемді әлекке салған геосаяси мәселелер де авто алыптарын әбігерге салғаны рас. Бірақ көрші Қытайдың көлік нарығы ештеңеге қарамастан күшейіп барады. Аспан асты елінің екінің бірі тізгіндеген темір тұлпарлары Еуропада да құрастырыла бастады. Бұл күтпеген құбылыс біздің нарығымызға қалай әсер етті? Отандық машина құрастыру өндірісін қалай көркейтеміз?

ЖАҚСЫЛЫҚ ЖАСҰЛАНҰЛЫ, ТІЛШІ:

Қазір темір тұлпардың түрі көп. Құдды осы виртуалды ойын секілді, қалтаңда ақшаң болса, қалағаныңды шертіп таңдайсың. Бұрын адамдар немістің көлігін мінсем, Toyota тізгіндеп жүрсем деп армандайтын. Ал қазір Қытайдың қолжетімді көліктері әлемдік автонарықтың картинасын өзгертіп бастады.

Алты құрлықты тың технологиясымен таңдай қақтырған Аспан асты елі соңғы алты айда Еуропаға 1 миллион көлік экспорттаған. Ал Британиядағы Қытай көліктерінің үлесі 30 пайыздан асқан. Осыдан-ақ көршіміздің көлік нарығындағы үлесін бағамдай беріңіз.

ИЗЗИ ВОДРОУ, МЕЙДСТОН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Менің ойымша, азаматтардың көлікке арнайтын ақшасының белгілі шегі бар. Қытайлықтар соны зерттеген. Олардың көліктерінің қымбат брендтерден тиімділігі — опциясы көп, бағасы арзан.

Иә, мамандар машина жасаудың сырын тапқандай сезіледі. Өйткені Қытайдан шыққан алғашқы көліктер көшірме болатын. Сапасын сұрамай-ақ, сұрқына қарап сырт айналып кететінбіз. Ал қазір әлемде сұранысқа ие. Салдарынан бір кездері теңдессіз болған темір тұлпарлар сатылмай тұр.

Бұл — Volkswagen концернінің қызметкерлері. Компания әлем бойынша 100 мыңға жуық жұмысшысын қысқартуы мүмкін. Ойлаңызшы, Қазақстандағы бүтін бір шаһардың адамдары әпақасынан айырылды. Себебі кәсіпорынның бұрынғы бизнес-моделі шығыны төмен қытайлық автокомпаниялармен бәсекеде әлсіреп барады. Төтеден төнген қауіп тұтас бір қаланың тірлігін тұралатып тастады.

МИХАЭЛЬ КУКС, ЦВИККАУ ҚАЛАСЫНДАҒЫ VOLKSWAGEN КОМПАНИЯСЫНЫҢ ЖҰМЫСШЫСЫ:

Бізде зауытқа өнім жеткізетін көптеген серіктес компания бар. Әңгіме ондаған мың жұмыс орны туралы болып отыр. Тіпті шағын наубайханалар мен ет дүкендерінің өзі осы зауытқа тәуелді. Өйткені мұндағы адамдардың табысы болмаса, жағдай қиындайды.

2026 жылдың бірінші тоқсанында Volkswagen-нің таза пайдасы 28%-ға төмендеп, 1,56 млрд еуроны құраған. Ал Қытайдағы сатылымы 20%-ға азайған. Тайталаста тізе бүккен тағы бір компания — британиялық Jaguar Land Rover. Олар 4 мың адамды қызметінен босатпақ.

МАРК ЭШДАУН, САРАПШЫ:

Меніңше, қазір бірнеше фактор қатар келіп, жағдайды күрделендіріп отыр. Біріншіден, Қытайдың автокөлік брендтері нарыққа белсенді шығып, бәсекені күшейтуде. Екіншіден, электр көліктеріне көшу үдерісі жүріп жатыр. Мен Jaguar-дың жалғыз электр көлігін жүргізіп көрдім. Бірақ бұл модельге қатысты аккумулятор, өрт қаупі сияқты мәселелер, түрлі ақаулар болды.

Еуропаны есеңгіреткен Қытай қазір көлікті экспорттап қана қоймай, зауыт салуға көшкен. Түркия, Венгрия және Испанияда өндіріс ошағының қазығы қағылып, құрылысы басталды. Сондай-ақ тұтынушылардың үдесінен шығып, брендтердің беделін көтеру мақсатында түрлі шаралар қабылдап жатыр.

АНАР МАКАШЕВА, ҚАЗАҚСТАННЫҢ АВТОКӨЛІК ОДАҒЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Бүгінде Қытай Халық Республикасы жаңа ережелер енгізіп жатыр. Оған сәйкес, Қытайдан шетелге автомобиль экспорттайтын кезде сол брендтің ресми сервистік қызмет көрсету орталығы болуы қажет. Яғни ресми сервисі жоқ брендтерді экспорттауға шектеу қойылады. Бұл — әлемдік тәжірибеде бар талап. Дүниежүзіндегі автомобиль өндірушілерінің барлығы дерлік осындай қағиданы ұстанады.

Ал алпауыттар құлдырап жатқанда, қанаты қатаймаған отандық зауыттар қайтпек? Кәрістің көлігін өзіміз құрап, қосымша бөлшектерін шығаруды қолға алғанымыз кеше ғана. Дегенмен қазіргі өндірістің қарқыны тәуір. Елімізде ай сайын 20 мыңнан астам автомобиль өндіріледі.

АНАР МАКАШЕВА, ҚАЗАҚСТАННЫҢ АВТОКӨЛІК ОДАҒЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Отандық автомобиль өндірісі бір жылда 35 пайызға өскен. Бұл Қазақстанда шығарылатын қытайлық маркалы автомобильдерге де сұраныс бар екенін көрсетеді. Ең бастысы — елдегі көлік паркінің сапасы. Қазір Қазақстанда жалпы саны 5,6 миллион автомобиль бар. Соның жартысынан астамы 20 жылдан бұрын шығарылған көліктер. Сондықтан азаматтарға ескі автомобильдерін жаңасына ауыстыруға көмектесу қажет.

Иә, темір тетігі түбінен тозған көліктерді дизайны мен сапасы озған темір тұлпарға алмастыру қажет. Мысалы, Африканың кейбір елдерінде үш жылдан асқан автомобильдерді әкелуге тыйым салынған. Сол сияқты бізде отандық автопромды жаңалауға күш салғанымыз ләзім. Өйткені бастапқыда жұрт үрке қараған көліктер көп ұзамай көпшіліктің үдесінен шыға бастады.

ҒАЛЫМЖАН РАШИДОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Өзімде ескі машина болды енді. 10 жылдан асып кетті. Жағдайы біраз шаршады. Май жей бастады. Сөйтіп осы көлікті алам деп шештім. Басында сенімсіздік болды енді. Қазір халық үйрене бастады. Былай қарап, өзім анализ жасап жүрдім. Көңілден шығып жатыр. Бағасы, сапасы деуге болады. Сапасы да қазір тиімді болып тұр.

2025 жылы жалпы саны 171 мыңнан астам көлік шығарылған. Осы тұста темір тұлпарды кімге сатамыз деген заңды сұрақ бар. Сарапшылар алдымен ішкі нарықты қамтып, кейін Иран сияқты алып мемлекеттермен байланыс орнату керегін айтады.

ЖӘНІБЕК АБСАТОВ, АВТОСАРАПШЫ:

Өзіміздің Қазақстанға сатып үйренейік. Қазақстанға қолжетімді баға қылып істейік. Сосын содан кейін ары қарай көрші елдер Өзбекстан бар, Қырғызстан бар, сосын Тәжікстан бар, Каспийдің ар жағында Иран мемлекеттерін алайық. Li Xiang-ның зауыты ашылады деп жатыр Қостанай жақтан. Ондай зауыт ешқандай мемлекетте жоқ Қытайдан басқа. Қазақстан мемлекетінде ең бірінші зауыт болайын деп тұр.

Қорыта айтқанда, шығыстағы көршіміз әлемдік автонарықтың шаңырағын шайқалтқанымен, отандық өндірістің өрісін тарылтпақ емес. Керісінше, елде зауыттардың көбейгені көлік нарығындағы орнымызды бекемдей түспек.

← Барлық жаңалықтар