Мазмұнға өту
· 25 қаралым

Ауыл дәрігеріне қолдау бар

Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесінде ауқымды өзгерістер болып жатыр.

Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында елімізде денсаулық сақтау инфрақұрылымын жаңғырту және медицина кадрларын қолдау шаралары жүзеге асырылуда. Соңғы бес жылда Қазақстанда 1 003 жаңа медициналық нысан ашылған. Оның 10-ы — аурухана, 14-і — емхана, ал 967-сі — дәрігерлік амбулатория мен медициналық пункт.

Нысандардың 655-і «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында пайдалануға берілді. Осы кезеңде дәрігер тапшылығы 20,4 пайызға, ал ауылдық жерлерде 28,3 пайызға қысқарды.

Тимур Сұлтанғазиев, ҚР Денсаулық сақтау министрінің орынбасары: «Өткен жылы 1 760 дәрігерге әлеуметтік қолдау көрсетілді. Ауылға жұмысқа барған 529 маманға 8,5 миллион теңге көлемінде біржолғы төлем берілді. Бұл жұмысты жалғастырамыз. Бізге тек дипломы бар емес, науқасқа сапалы медициналық көмек көрсете алатын дәрігер керек. Сондықтан студенттердің тәжірибесіне көбірек көңіл бөліп жатырмыз».

Қазір жоғары оқу орындарында 72 мыңнан астам студент, колледждерде 110 мыңға жуық жас білім алып жатыр. Сонымен қатар IT-медицина бағыты дамып, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ базасында медицинадағы жасанды интеллект орталығы ашылған.

Бердібек Қарынбай

← Барлық жаңалықтар