Мазмұнға өту
· 25 қаралым

Мыңнан астам отбасы баспанасыз қалуы мүмкін

Алматыда мыңнан астам отбасы баспанасыз қалуы мүмкін. Мемлекеттік бағдарлама арқылы үй алып, он жылдан бері төлем жасаған жұрт құжатын әлі өз атына аудара алмай әлек. Себебі ортадағы делдал компания тұрғындардың ақшасын қорға аудармай, қалтасына басыпты. Енді ірі мердігер сот алдында жауап беріп, 67 млрд теңгенің сұрауы халықтың мойнында тұр.

Сырттай тап-тұйнақтай көрінетін тұрғын үйдің ішінде мыңнан аса отбасының проблемасы қайнап жатыр. Алғашқы жарнасын төлеп, ірі компаниямен келісімшартқа отырған жұрт он жылдан бері несие төлейді. Кейбірі тіпті қарызынан түгел құтылған. Бірақ құжатын әлі заңдастыра алмай жүр. Себебі мүліктері «Проблемалық кредиттер қорында» кепілде тұр.

ФАТИМА ӘШІРБЕКОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Судебный исполнительныйлерге берілген. Олар ақшасы төленбеген деп бізді шығарып жіберуі мүмкін. Біздің түсіріп жатқан ақшамыздың тікелей фондқа түсуін талап етеміз. Маңдай теріммен тапқан ақшамды 1–2 млн емес, 40–50 млн теңгеге алып отырған адамдар бар. Ол оңай жерден шығатын ақша емес қой. Далада қалады адамдар.

Түсіндіре кетейік, «Проблемалық кредиттер қоры» Қазақстанның қаржы жүйесін тұрақтандыру мақсатында банктердің активтерін сатып алу және басқару үшін құрылған мекеме. Осы 1200 пәтер дәл солай қорға әлдеқашан өткен. Олар мердігермен келісімшартқа отырып, жаңа қожайындарға сатыпты. Бірақ үй иесі рәсімделген ипотеканы төлегенімен, «Өндіріс билдинг компаниясы» қомақты қаражатты аудармаған көрінеді.

БАҒЛАН ИБРАГИМОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Фонд 67 млрд теңге сұрап жатыр. Қайтарылсын деп жатыр. Өндірісте ондай ақша жоқ. Оның артында біздің үйлер тұр. Бізден алып алса ол үйлерді, біз далада қаламыз. Фонд проблеманы Өндіріспен шешіңдер дейді. Бірақ өндіріс жоқ қазір. Директоры түрмеде отыр сот бойынша. Сосын тағы да күдіктілер КНБ отыр. Қалай боларын білмейміз.

Яғни, миллиардтаған қарыз бір жылда емес, жеті жылда көбейіп отыр. «Өндіріс билдинг» ақша түскеніне, тұрғындар төлегеніне мәз болған. Тек ақыры ипотека бітті, пәтерімізді атымызға өткіземіз дегенде ғана ақшаның желінгенін анықтап, сотқа арыз жазыпты. Заңгерлер жеті жылдан бері мүлігін іздемеген қордың да бейқамдығына күйінеді.

МИРФАИК АЛИЕВ, ЗАҢГЕР:

Қордың басты заңсыз әрекеті – бұл мүліктің несиесін тұрғындар төлеп жатыр ма, жоқ па, соны еш тексермегенінде болып отыр. Яғни, халықтың баспанаға ай сайын төлеп отырған несиесі бейберекет жан-жаққа аударылған. Әйтпесе, үй иелері әлдеқашан толық ипотеканы жапқан, бірақ баспанасын аттарына өткізуге рұқсатын бермей келеді. Өйткені қаражат қорға түспеген.

Қазір тұрғындардың келісімшартқа отырып, артынша соттасып жүрген компаниясы түбегейлі жабылған. Судья мойнына 67 млрд теңгені іліпті. Бірақ есебінде көк тиын да жоқ дейді жұрт. Сондықтан қомақты қаражаттың орнына кепілде тұрған баспанамызды алып қоя ма деп қорқады жұрт.

АРДАГЕР УАЙДИН, «ПРОБЛЕМАЛЫҚ КРЕДИТТЕР ҚОРЫ» АҚ РЕСМИ ӨКІЛІ:

Біздің азаматтарды баспаналарынан шығару немесе тұрғын үйлерінен айыру мақсатымыз жоқ екенін айтамыз. Біздің ұстанымымыз – туындаған мәселенің ҚР қолданыстағы заңнамасы аясында реттелуіне қол жеткізу. Қазіргі осы мәселе бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатқанын хабарлаймыз.

Жиған-тергені қолды болған тұрғындар жалғыз баспанамыздан айырыламыз деп алаңдаулы. Егер қор кепілден шығармаса, түрмедегі компания директорынан қалай талап етерлерін де білмейді.

← Барлық жаңалықтар