Мазмұнға өту
· 11 қаралым

Елімізде «Халықтық құрылыс» атты бағдарлама іске қосылады

Елдің әл-ауқатын жақсартатын «Халықтық құрылыс». Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі Жолдауында жаңа бағдарламаға бастау берді. Президент тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласына қомақты қаржы бөлінетінін, көптеген елді мекендерге газ және таза ауыз су тартылатынын айта келе, Үкімет жыл соңына дейін нақты жобалардың бастапқы тізімін әзірлейді деп мәлімдеді.

ҚЫРМЫЗЫ ЖАНДОС, ТІЛШІ:

Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауы бірер уақыт бұрын аяқталды. Онда Президент жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның алдында тұрған өзекті міндеттерді айқындап берді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, мемлекет басты назарды инфрақұрылымға аударады.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Басты назарды инфрақұрылым құру ісіне аударамыз. Бұған дейін де айттым, Қазақстан ауқымды құрылыс алаңына айналуға тиіс. Мәселе жекелеген жобаларға қатысты болып отырған жоқ. Жалпы, барлық аймақта жаппай құрылысты бастап, жандандыру қажет.

ҚЫРМЫЗЫ ЖАНДОС, ТІЛШІ:

Діттеген мақсатқа жету үшін елімізде халықтың әл-ауқатын жақсартатын «Халықтық құрылыс» атты бағдарлама іске қосылады. Бұл бастама баспана салумен шектелмей, жол-көлік және инженерлік желілерді, әлеуметтік нысандарды да қамтиды. Мәселен, бірінші кезекте аймақтарда 70-ке жуық денсаулық сақтау нысаны салынады. Олардың қатарында перзентханалар, ауруханалар, жедел жәрдем станциялары мен балаларды оңалту орталықтары бар.

ҚЫРМЫЗЫ ЖАНДОС, ТІЛШІ:

Сондай-ақ жоба аясында 50-ге жуық білім беру, спорт және мәдениет мекемелерінің құрылысы басталады. Елді мекендерге газ бен ауыз су тартылып, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы жаңғыртылады. Үкімет жыл соңына дейін нақты жобалардың бастапқы тізімін әзірлейді. Бұл тізім барлық аймақты қамтуы керек. Ал осы ауқымды бағдарламаны іске асыру үшін 2029 жылдың соңына дейін Ұлттық қордан 6,5 трлн теңге бөлінеді. Тек биыл және 2027 жылдың алғашқы екі айы ішінде әлеуметтік жобаларды іске қосу үшін 1,5 триллион теңге көлемінде қаражат қарастырылады.

← Барлық жаңалықтар