Жолдауда Президент Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттырып, елімізді Еуразияның ірі көлік-логистикалық орталығына айналдыру міндетін қойды. Еуропа мен Азияның арасын жалғаған алтын көпір – Қазақстан бүгінде халықаралық жүк тасымалының күретамырына айналды. Мемлекет басшысының айтуынша, Қытайдан Еуропаға бағытталған жүк ағынының шамамен 85 пайызы еліміз арқылы өтеді. Ендігі мақсат – құрлықтарды жалғаған дәліз ғана емес, транзиттен қыруар табыс табатын қуатты мемлекетке айналу. Бұл бағытта ауқымды жобалар қолға алынбақ. Мәселен, келесі жылы «Бақты – Аягөз» теміржолы іске қосылып, Қытаймен арадағы жүк өткізу мүмкіндігі жылына 20 миллион тоннаға ұлғаяды. Ал «Арал – Каспий» магистралі Транскаспий дәлізін мың шақырымға қысқартып, жүк жеткізу уақытын үш тәулікке дейін азайтпақ. Яғни, уақыттан ұтып, тасымалдан табыс табуға тың мүмкіндік туады. Сарапшылар көлік-логистика саласын дамыту экономиканың өрісін кеңейтіп, Қазақстанның халықаралық саудадағы салмағын арттырады дейді.
ДИДАР ТЕГЕБАЕВ, САЯСАТТАНУШЫ:
Мемлекет басшысы өз Жолдауында еліміздің инфрақұрылымын дамытуға, яғни «үлкен құрылысқа» ерекше басымдық берді. Президент көлік және логистика саласын дамытудың маңыздылығын қадап айтты. Қазіргі уақытта Қазақстанның қуатты транзиттік хабқа айналуға толық тарихи мүмкіндігі бар. Бүгінде Азиядан Еуропаға тасымалданатын жүктердің 85 пайызы дәл біздің ел арқылы өтеді. Осы орайда логистикалық бағыттарды жаңғырту бүкіл республика аумағында жаңа бірлескен кәсіпорындар ашуға жол ашады.