Президент мұғалімдердің абырой-беделін қорғау мәселесіне назар аударды.
Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында мектептерде ұстаздарға көрсетілетін қысымды шұғыл тоқтатуды талап етті. Мемлекет басшысы соңғы уақытта оқушылар тарапынан дөрекілік таныту, тіпті күш қолдану деректерінің жиілеп кеткенін қатаң сынға алды.
Мұндай жағдайда біржақты шешім қабылдауға болмайтынын, мектеп әкімшілігі де педагогке салмақ салмауы тиіс екенін ескертті. Президенттің пайымынша, мұғалімнің негізгі миссиясы — балаға сапалы білім мен саналы тәрбие беру.
Дәстүрлі қағазбастылық азайғанымен, оның орнын түрлі цифрлық платформалар мен ақпараттық жүйелердегі есептер басып отыр. Сондықтан ұстаздарды басы артық жүктемеден босату — кезек күттірмейтін міндет.
Асхат Аймағамбетов, ҚР Құрылтайының депутаты: «Мұның барлығы — біздің мұғалімдерге деген қамқорлық. Бірақ сол мұғалімдерге деген қамқорлық мұғалімнің өзіне емес, балаларымызға, болашағымызға, кішкентай бүлдіршіндерімізге деген қамқорлық деп білемін. Сондықтан Президенттің берген тапсырмасы бойынша біз арнайы заң жобасын дайындап, соның ішінде бұл мәселені қарастыратын боламыз».
Рамазан Палмағанбет