Мазмұнға өту
· 7 қаралым

Өзімізге алма жете ме?

«Алма, алма дермісің, алма берсем жермісің» деген ән қазір тура Жетісуға арналғандай. Өйткені өңірде жеміс жинау науқаны қызып тұр. Бағбандар жаз бойы күтіп-баптаған алманың бір бөлігін шетел асырса, артығын өзімізде қалдырады. Ол ішкі нарықты қамтуға жете ме? Жалпы қазір бау-бақша өсіргеннен пайда бар ма?

Айдарлы ауылындағы бақта жұмыс нағыз қызған шақ. Піскен алманы қолмен жинап жатыр. Науқан кезінде жұмыс күші өзге аймақтардан да келеді екен. Өнімнің неғұрлым тез жиналып, іріктеліп, қоймаға жетуі — сол жұмысшыларға тікелей байланысты.

ЛӘЗЗАТ САРЫБАЕВА, ЖЕМІС ТЕРУШІ:

Енді жәшіктеп айтқанда 12–15 жәшік тереміз. Бірінші келген күндері 25–30-ға дейін тердік. Үйге қайтар кезде жейтінімізді алып қайтамыз.

Алма өсіп тұрған бақ — әжептәуір аумақ. 2 миллион түп жеміс ағашы егілген жер 500 гектарға созылып жатыр. Тек бір гектарының өзінен 35 тонна алма теріп алуға болады.

АРКАДИЙ ГОНЧАР, БАС АГРОНОМ:

4 мың тоннадан астам жиын-терім болды. Оның бәрін қоймаға жеткізіп, сатуға шығарамыз. Бұл жердегі алманың сұрпы әртүрлі, біреулері ұзақ сақталады, кейбіреуін қоймада екі айдан артық ұстауға болмайды.

Бағбандарға жемісті жинап алғаннан кейін де тыным жоқ. «Алма пісті, аузыма түсті» деп жайбырақат жатып алмайды. Теріп алғанын қыс бойы дұрыс сақтау да үлкен шаруа. Жетісу облысындағылар бұл мәселені де жолға қойған. 40 мың тонна жеміс-жидекті сақтайтын 39 қойма бар.

НҰРДӘУЛЕТ КЕНЕНБАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Енді биылғы жылдың есебі бойынша алма бақтарынан 22 мың тоннаға жуық өнім жиналды. Осы жиналған өнімнің бүгінгі күні Жаркент, Сарқанд қаласында 1100 тонна алма қоймаға салынды.

Облыста жеміс ағаштарын көптеп отырғызып, жаңа сұрыптарын зерттеу секілді жұмыстар жасалып жатыр. Бұл ішкі нарықты өзіміздің жеміс-жидекпен толтыруға ықпал етеді дейді мамандар.

← Барлық жаңалықтар