Мазмұнға өту
· 8 қаралым

Орталық Азиядағы экономикалық ынтымақтастық

Алматыда Орталық Азиядағы экономикалық ынтымақтастық жөніндегі екінші Тянь-Шань форумы басталды. Тараптар өзара ынтымақтастықты одан сайын дамытып, экономикалық өсімді жаңа деңгейге көтеруді көздейді.

СЕРІК ЖҰМАНҒАРИН, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Орталық Азия өңірлік экономикалық ынтымақтастық елдері экономикалық дамудың жаңа кезеңіне аяқ басты. Біздің өңірдің тиімді географиялық орналасуына, табиғи ресурстарына, өсіп келе жатқан нарықтарына және өнеркәсіптік ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктеріне байланысты айтарлықтай әлеуеті бар. Бұл әлеуетті жүзеге асыру көлік инфрақұрылымын дамыту және сауда мен инвестиция үшін қолайлы жағдайлар жасау бойынша бірізді, бірлескен күш-жігерді қажет етеді.

2025 жылдың соңына қарай Қазақстанның Орталық Азия өңірлік экономикалық ынтымақтастық елдерімен сауда айналымы 14 пайызға өсіп, 8,8 миллиард долларға жеткен. Бүгінгі басқосуда тек сауда көлемін арттыру ғана емес, сонымен қатар кедергілерді жою, құжат рәсімдерін жеңілдету, электрондық коммерцияны дамыту және кәсіпкерлердің көршілес нарықтарға қолжетімділігін кеңейту жайы да қаралып жатыр.

ЕРЖАН ЕСІҚҰЛОВ, ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРЛІГІНІҢ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

Қазақстанның ірі инфрақұрылымдық жобаларын жеңілдетілген және ұзақ мерзімді қаржыландыруды тарта отырып, іске асыру мүмкіндігін қарау жоспарланып отыр. Ірі инфрақұрылымдық жобалар – біріншіден, біздің авто және теміржолдарымыз, сосын аэропорт инфрақұрылымдары, теңіздің жағалауындағы инфрақұрылым.

← Барлық жаңалықтар