Мазмұнға өту
· 10 қаралым

Айыппұлдың әлегі

«Айдалада ақшасыз қалдым!». Ақтөбелік тұрғын құзырлы мекемелердің салғырттығынан қиындыққа тап болғанын айтып, арнамызға шағымданды. Теміржан Атаевтың айтуынша, полиция инспекторы 24 тамыз күні оның үстінен әкімшілік хаттама толтырады. Таққан айыбы — көлігіңді дұрыс қоймағансың дейді. Алайда тұрғын мұнымен келіспей, сотта өзінің кінәсіз екенін дәлелдеген. Айыппұлды алып тастау туралы шешімі де бар. Шаруаның бәрі осымен шешілді деп жүргенде, әуре-сарсаң мұнымен бітпепті.

ТЕМІРЖАН АТАЕВ, ТҰРҒЫН:

Полиция басқармасы Ақтөбенің соттың шешімін орындаған жоқ. Сен сияқты адам көп, кезегіңді күтесің, кезек бойынша ол мәселе шешіледі деді. Әділет департаментіне хабарлассаң, олар айтады біле тұра біз ештеңе істей алмаймыз, «отмена» жасайтын функция жоқ. Мен қазір айдалада жүрмін командировкада. Телефон, шоттарым «Фридомда» бұғаттаулы. Тамағымды ала алмай, жұрттан қарызға алып жүрмін. Соған байланысты адамдар неге жазаланбайды?!

Теміржан Атаев жазықсыз арқалаған айыппұлдың кесірін енді айдалада тартып жүр. Жұмысы түзде. Шалғай жерде қызмет бабымен жүрген азамат әбден әуре-сарсаңға салып қойғандардың салғырттығына налиды. Осы мәселеге қатысты облыстық полиция және әділет департаментіне сұрау салғанбыз. Әділет департаментіндегілер 40 айлық есептік көрсеткішке дейінгі айыппұлдарды өндіруді цифрлық жүйе автоматты түрде орындайтынын айтты. Ал сот шешімі бар істі орындау үшін қалалық полиция басқармасы сол құжатты жүйеге енгізуі тиіс екен.

БОЛАТ РАСҚАЛИЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ӘДІЛЕТ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Қаулыны шығарған орган жауапты сол атқарушы құжатқа. Егер оның күші тоқтатылған болса, сот органы дереу жолдарын қарастыруы қажет. Қалалық полиция басқармасы оны электронды түрде бізге орындауға, сот атқарушы құжатты бізге қайтаруы тиіс.

← Барлық жаңалықтар