Ақордада Азия ойындары мен Азия Пара ойындарында ел намысын абыроймен қорғаған спортшылар мен олардың бапкерлері марапатталды. Мемлекет басшысы жеңістің табанды еңбек пен жүйелі дайындықтың нәтижесі екенін атап өтіп, жас ұрпақтың спортпен шұғылдануына жағдай жасаудың маңызын айтты. Марапаттау рәсімінен тілшіміз Қырмызы Жандос байланыста.
ҚЫРМЫЗЫ ЖАНДОС, ТІЛШІ:
Иә, Ғалым, қазір Ақорда төрінде Азия ойындары мен Азия Пара ойындарында ел намысын абыроймен қорғаған спортшыларды және олардың бапкерлерін марапаттау рәсімі бірер сәт бұрын аяқталды. Мемлекет басшысы спортшылардың жеңісі – табанды еңбек пен ұзақ дайындықтың жемісі екенін атап өтті. Сондай-ақ балалардың, соның ішінде шалғай ауылдардағы жасөспірімдердің де спортпен шұғылдануына мүмкіндік жасау маңызды міндет екенін айтты. Соңғы бес жылда спорт саласын дамытуға 616 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген.
АЙБЕК ОРАЛБАЙ, АЗИЯ ОЙЫНДАРЫНЫҢ ЧЕМПИОНЫ:
Мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Кемелұлының келіп, бізге қолдау білдіріп, марапаттап жатқанына өте қуаныштымыз. Жеңіспен келгенде мұндай құрмет бізге ерекше көңіл-күй сыйлап, үлкен мотивация береді. Әрбір үлкен жарыстан кейін осындай кездесулерге келіп тұрғанымызға қуаныштымыз. Алдымызда биыл әлем чемпионаты мен Олимпиада ойындары бар. Сол Олимпиадада чемпион атанып, халқымызды да, Президентімізді де қуандырып қайтқымыз келеді.
ҚЫРМЫЗЫ ЖАНДОС, ТІЛШІ:
Президент халықаралық жарыстарды жоғары деңгейде өткізу Қазақстанның беделін арттырып, спорт инфрақұрылымы мен туризмнің дамуына серпін беретінін жеткізді. Ал жеңіс тұғырына көтерілген спортшылардың жетістігі жас ұрпаққа үлгі болып, ел рухын асқақтатады. Бізде әзірге осы. Толығырақ басты жаңалықта.