Алматыда бір жылда екі жарым мың ағаш егіліп, 5 гектар жер қоқыстан тазартылды.
Бұл туралы «Жасыл ел» жастар жасағының 22-ші еңбек маусымының қорытынды кешінде белгілі болды. Ауқымды іс-шара барысында екі мыңнан астам тұрғын уақытша жұмыспен қамтылған.
Олар саябақтарды, қала өзендері бойындағы аумақтарды және тау шатқалдарын ретке келтіріп, көгалдандырумен айналысты. Тек сенбілікте ғана емес, тазалық жұмыстары күн сайын ең көп халық демалатын қоғамдық орындарда да ұйымдастырылған. Сөйтіп, Алматы ілкімді жобаны жүзеге асыруда еліміз бойынша үздік деп танылды.
Ермұхаммед Палмағанбетов, қалалық жастар саясаты басқармасының бөлім басшысы: «Бұл — қорытындылау кеші. Жастарымыз төрт ай бойы, жаз бен күз айларында қызмет атқарды. Сол жасаған еңбектерінің қорытындысы негізінде кеш ұйымдастырылып жатыр. Кеш барысында «Жасыл елдің» үздіктері, үздік отряд пен белсенді жастар анықталып, оларға сый-сияпаттар табысталады».
Гүлнәзия Мейірханқызы