Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 8 қаралым

Өзі төккен қоқысты өзі жинады

Бала тәрбиесіне немқұрайлы қарама! Ақтөбеде қоқысты бей-берекет тастайтын ересектер өскелең ұрпаққа теріс үлгі көрсетіп жүр. Мұны тәртіп сақшылары көпқабатты үйлердегі бейнекамераларды тексеру кезінде анықтады. Мәселен, мына кадрларда тұрғынның бірі ескі тақтайларды контейнердің қасына тастай салған. Оны көрген көршінің балалары да дәл солай істеген. Енді бір тұрғын қалдықтарды көлігімен әкеліп, жәшіктердің маңына үйіп кеткен. Осы орайда полицейлер кереует, жұмсақ жиһаз, тағы да басқа құрылыс қалдықтарын тұрғындар көлік жалдап, арнайы полигонға апару керектігін ескертті.

НҰРЛЫБЕК СУЕНТАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСҚАРМА БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Бейнебақылау камераларының көмегімен полиция барлық құқық бұзушыларды анықтады. Кінәлі тұлғалардың барлығы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, олармен тиісті түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Тәртіп сақшылары қоршаған ортаға ұқыппен қарамағандарға түсіндіру жұмыстарын жүргізумен шектелмейді. Сабақ болсын деген оймен, қоқыс төккен жерді өздеріне жинатқызады. Мысалы, жүк көлігіне қоқысты тиеп әкеліп, ауыл маңына төгіп кеткен тұрғын анықталды. Абаттандыру қағидасын бұзған азаматты жауапқа тартып, оны жерді өз қолымен жинауға міндеттепті.

← Барлық жаңалықтар