Алматыда шекесі торсықтай төрт ұлды бірден дүниеге әкелген келіншекті жақындары перзентханадан шығарды. Жастары отыздан енді асқан ерлі-зайыптының отбасындағы төртемнен соң балаларының саны жетеуге жетті. Бір келіден сәл асатын шақалақтар шала туып, екі апта бойы дәрігерлердің тікелей бақылауында болған. Бөпелер салмақ, анасы күш жинаған соң бүгін оларды ақ халаттылар үйлеріне жіберді.
Бекеевтер әулеті үшін бұл естен кетпес күн. Анасы мен сәбилерді перзентханадан шығарып алу үшін жақындары сонау Жетісу облысынан арнайы келген. Ән айтып, би билеп, бұл жерді әбден қуанышқа бөледі. Шақалақтарды бірдей киіндіріп, дәрігерлер әкесі мен ата-әжесінің қолына табыстады.
АЛЬМИРА БЕКЕЕВА, ТӨРТЕМНІҢ АНАСЫ:
Қуанышпен бірге үлкен бір жауапкершілік пен қобалжу болды. Жүктілік, әрине, оңай өткен жоқ. Әр күн сайын балалардың жағдайын ойлап, уайым болды. Енді бүгін міне, төрт балапанымды құшақтап үйіме қайтып бара жатырмын.
Отыздан енді асқан жұп осыған дейін үш перзент тәрбиелеп келген еді. Енді міне, төртінші жүктілікте төртем дүниеге келіп отыр. Ұлдарына әкесі Аслан, Арсылан, Әлихан, Әмірхан деп есім берген. Нәрестелер 24 қыркүйек күні туған.
ОЛЖАС БЕКЕЕВ, ТӨРТЕМНІҢ ӘКЕСІ:
Көп болды күткенімізге. Ең басында УДЗ-ға барғанда үшем деген, қуанып үшем дедік, келесі барғанымызда төртем деді. Сосын күлдік, бесіншісіне бармай-ақ қояйық, тағы бесеу болып кетер ме екен деп. Әр баланың несібесі, сүйініп отырмыз. Қолдан келеді. Аман-есен болсақ жеткіземіз бәрін.
Келіншек балалары өмірге келгенше ана мен бала орталығының бақылауында болыпты. Өйткені бұл өте сирек кездесетін жүктілік. Әрі дәрігерлердің жауапкершілігі мен шеберлігін талап ететін жағдай.
АРДАҚ АЯЗБЕКОВ, «ҰЛТТЫҚ АКУШЕРЛІК, ГИНЕКОЛОГИЯ ЖӘНЕ ПЕРИНАТОЛОГИЯ ҒЫЛЫМИ ОРТАЛЫҒЫ» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:
Жалпы бақылау 23 аптадан бастап орталықтың курациясында болды науқас. Бірнеше рет стационарға жатқызып, күшейтілген антенаталдық бақылау жүргіздік. 30 аптасында босанудың әрекеті басталғанда, жедел кесарь тілігімен босанды.
Енді алдағы уақытта да салмағы бір келіден асатын сәбилер мамандардың қатаң бақылауында болады. Қазір жағдайлары тұрақты. Тек үйдегі жақындары келіншекке барынша қолдау білдіріп, көмектессе дейді. Айта кетейік, отбасы осымен бір қыз алты ұлды болып отыр.