Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 1 қаралым

Президент «Қазақ тілі» қоғамының құрылтайына қатысты

Күйсандық, қылтима, қырыққабат. Қазақша баламасы болғанымен, бұл құлаққа түрпідей тиетін қисынсыз аудармалар. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Х құрылтайында мәлімдеме жасаған Мемлекет басшысы осындай сөздердің қолданысына қатысты пікір білдірді. Кейбір аудармалардың қажеттілігіне күмән келтіріп, ана тіліміздің бүгінгі ахуалы мен алдағы даму бағытына қатысты бірқатар маңызды мәселені көтерді.

«Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте…» Қадыр ақын айтқандай, өзге тілді меңгеру өрісіңді кеңейтсе, ана тіліңді ардақтау – азаматтық парыз. Бүгінгі алқалы жиында осы бір асыл қазынамыздың ахуалы терең қаузалды. Президент атағандай, экономикасы дамыған, ғылымы мығым, технологиясы озық мемлекетте тілдің қадірі асқақ, тұғыры биік болмақ.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Мемлекеттің беделі артқан сайын, мемлекеттік тілдің де абыройы күшейеді. Бұл – ақиқат. Бүгінде балабақша мен мектептерде балалардың басым бөлігі қазақ тілінде тәлім-тәрбие алып жатыр. Биыл мектепке барған оқушылардың 71 пайызы қазақ сыныптарына қабылданды. Колледждер мен университеттерде қазақ бөлімдерінің саны көбейді.

Иә, мұндайда тіліміздің тағдырына күмән келтіріп, болашағына қатысты теріс көзқарастан аулақ болғанымыз ләзім. Мұндай әңгімені доғаратын кез келді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Өйткені мемлекеттік тіл саясаты адымдап алға басқанын аңғару қиын емес. Соның тағы бір мысалы, ана тілімізде жарық көрген кітаптардың, әндердің, фильмдердің нарықтағы үлесінің артуы.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Мысалы, былтыр баспадан шыққан 6 мыңнан астам кітаптың 70 пайызы қазақ тілінде басылды. Ал биыл Қазақстанда түсірілген 71 фильмнің 63-і ана тілімізде жарыққа шықты. Айтылған деректердің бәрі жұртымыздың арасында қазақ тіліне үлкен сұраныс тудырды. Бұл – өте қуанышты жайт, жақсы үрдіс. Осындай жұмысты күшейте беруіміз керек.

Жасанды интеллект дәуіріне ана тіліміздің аясын кеңейту де кезек күттірмейтін мәселе. Бүгінгі құрылтайдың күн тәртібіндегі басты тақырыптың бірі осы болды. Бұдан бөлек, баршаға қолжетімді әмбебап цифрлық сөздік әзірлеу, отандық әдебиетті қолдау және қазақша контенттің аясын кеңейту міндеттері айтылды.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Осы орайда, «Қазақ тілі» қоғамы жүзеге асырған Oxford Qazaq Dictionary жобасын жалғастыру керек деп есептеймін. Мен өзім бұл сөздікті қарап шықтым. Жалпы, пайдалы еңбек деп санаймын. Қазақ-француз, қазақ-испан, қазақ-қытай, қазақ-араб, сонымен қатар, қазақ-неміс, қазақ-итальян, қазақ-жапон, қазақ-корей, қазақ-парсы сөздіктерін жасау қажет. Қазақ-орыс сөздігін уақыт талабына сай жаңартқан жөн.

Сөздік қорының байығаны жақсы. Бірақ тілдің табиғи болмысы да назардан тыс қалмауы керек. Президент соңғы кезде діни ұғымдарға қатысты қазақтың көне сөздерінің орнына арабша атауларды жиі қолдану үрдісіне де күмән келтірді. Сайып келгенде, тілдің тағдыры тұтас ұлттың тағдыры. Ал оның абыройын асқақтату бір күндік науқан емес. Мұны құрылтай қатысушылары да қуаттап отыр.

АЛИНА КАН, ҚАЗАҚСТАН ХАЛЫҚ КЕҢЕСІНІҢ МҮШЕСІ, ҚАЗАҚ ТІЛІ ПӘНІНІҢ МҰҒАЛІМІ:

Біз бәріміз бір ұлт, бір ел болып, әділетті, қуатты, таза және жасампаз Қазақстан құрсақ дейміз. Осы бағытта мемлекет басшысы тарапынан қолға алынған бастамаларды толық қолдаймыз. Мен үшін қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту мен жас ұрпақты тәрбиелеу бір-бірімен тығыз байланысты. Оның мәнісі озық елдің парасатты азаматтарынан тұратын қоғам болу.

Салтанатты жиында ел мен тілдің дамуына үлес қосқандардың еңбегі еленді. Президент Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар азаматқа мемлекеттік марапаттар тапсырды. Дегенмен марапаттан да құнды дүние бар. Алдағы уақытта тіл мәселесіне қатысты айтылған бастамаларды нақты іске айналдыру міндеті тұр.

← Барлық жаңалықтар