Бес саусақ бірігіп, жұдырық болмақ. Мәскеуде Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше елдердің президенттері бас қосты. Терроризмге қарсы күрес стратегиясынан бастап, өзге де маңызды мәселелерді бірлесіп қарамақшы. Кремльден тікелей байланысқа шығып тұрған әріптесімді тыңдайық. Қырмызы, құлағымыз сенде!
ҚЫРМЫЗЫ ЖАНДОС, ТІЛШІ:
Кеш жарық, Ғалым! Біз Кремльдің баспасөз орталығындамыз. Дәл осы сәтте Мәскеуде Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің отырысы өтіп жатыр. Оған бес елдің, атап айтқанда, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан президенттері қатысуда.
Жиын қарсаңында ұйымның Сыртқы істер, Қорғаныс министрлері мен Қауіпсіздік кеңестерінің хатшылары арнайы құжаттар топтамасын мақұлдаған еді. Енді соларды мемлекет басшылары қарайды. Жалпы, қолдағы ақпаратқа сүйенсек, отырыстың күн тәртібінде 22 мәселе бар. Жан-жақты пікір алмасудан кейін 17 құжатқа қол қою жоспарланып отыр. Солардың ең негізгісі – Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының 2030 жылға дейінгі лаңкестікке қарсы стратегиясы.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшылары халықаралық және аймақтық тұрақтылықтың өзекті мәселелерін талқылайды. Сондай-ақ, ұйымн0ың ұжымдық қорғаныс жүйесін одан әрі нығайту тетіктері қаралмақ. Саммит соңында қорытынды декларация мен ұйымға мүше мемлекеттердің өзара ықпалдастығын арттыратын бірқатар шешімдер қабылданады деп күтілуде.
ОДКБ-ның негізгі міндеттерінің бірі — ұйымға мүше мемлекеттердің бейбітшілігін, халықаралық және өңірлік қауіпсіздігі мен тұрақтылығын қамтамасыз ету. Қатысушы елдердің аумақтық тұтастығы мен егемендігін ұжымдық түрде қорғау.
Сарапшылардың айтуынша, мына алмағайып заманда ұйымның саяси салмағы артып келеді. 2027 жылы төрағалық Тәжікстанға өтеді.
Ғалым, әзірге менде бар ақпарат осы. Саммиттегі өзге ақпараттарды эфирлерде баяндаймын.