Алматы әуежайында жазатайым жағдай. Халықаралық терминалдың аумағында жұмысшы көз жұмды. Көліктегі полиция департаменті аталған деректі растады. Қазіргі таңда еңбек шартының бұзылуына байланысты қылмыстық іс қозғалыпты. Құзырлы орган тергеу жұмыстарына кірісіп, оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр. Көп ұзамай Алматы терминалына жауаптылар да түсінік берді. Олардың дерегінше, оқыс оқиға нысан аумағындағы жоспарлы жөндеу жұмыстары кезінде болыпты. Марқұм мердігер компанияның өкілі екен.
АЛМАТЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ӘУЕЖАЙЫ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ МӘЛІМДЕМЕСІНЕН:
Алматы халықаралық әуежайында құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан перрон аумағында жазатайым жағдай тіркелді. Әуежай уәкілетті мемлекеттік органдарға қажетті көмек көрсетіп, жүргізіліп жатқан тергеу аясында олармен өзара іс-қимыл жасап келеді. Тергеу аяқталып, барлық мән-жай анықталғанға дейін қосымша түсініктеме бере алмаймыз. Алматы халықаралық әуежайы марқұмның туған-туыстары мен жақындарына қайғыра көңіл айтады.