Көпқабатты тұрғын үйдің маңында шашылған көк қағаз жұрттың ұйқысын шайдай ашты. Бас қаладағы тұрғын үйдің маңынан жүз долларлық бума-бума ақша мен 8 чемодан табылды. Бұл не қылған батпанқұйрық? Күтпеген жайтқа куә болған тұрғындар аң-таң. Аспаннан жауған ақша қызу талқыланып жатқанда, тағы бір ақпарат ел назарын аударды. «Самұрық-Қазына» қоры мен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басшылары сыбайлас жемқорлыққа қатысты күдікке ілініп, қолға түсті. Чемодандағы доллар мен бұл азаматтардың арасында байланыс бар ма? Әлде бұл кездейсоқтық па?
БЕРДІБЕК ҚАРЫНБАЙ, АРНАЙЫ ТІЛШІ:
Бүгін ақ ұлпа күтілген Астананың аспанынан қар емес, ақша жауды. Қонаев көшесіндегі «Атлант» тұрғын үй кешенінің терезесінен бәзбіреулер доллар толы бірнеше чемоданды тастап жіберген деседі. Әлгінде шашылып жатқан көк қағаз көзден ғайып болғандай. Дегенмен оқиға болған жерде айғақтайтын заттар, чемоданның сынықтары әлі жатыр.
Бұл көрініс ат басындай алтын тауып алсам дейтіндердің тәтті арманына ұқсайды. Терезеден дорба-дорба доллардың ұшқанын бұрын-соңды көрген де, естіген де емеспіз, – дейді тұрғындар.
ТҰРҒЫН:
Терезеден көрдім. Купюралар ұшып жатты. Таңғы ас әзірлеп жатқан едім. Әрине, ондай соманы көріп, таң қалдым. Қанша ақша екенін білмеймін. Бірақ өте көп болды. Оны құқық қорғаушылар анықтай жатар.
ТҰРҒЫН:
Үйдің жанынан өтіп бара жатқан едім. Сол сәтте гүрс еткен дауыс естідік. Сөйтсек, ақша толы чемодан екен. Бұл ақша жақсы өмір сүруге жетеді деп ойлаймын. Бірақ бір тиынына да тиіспедім. Өйткені маған жоқ жерден мәселе керек емес.
Бұл жағдай желіде қызу талқыланып, аса ірі көлемдегі ақша лауазымды тұлғаларға тиесілі болуы мүмкін деген ақпарат тарап жатыр. Көп ұзамай Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі екі бірдей шендінің ұсталғанын хабарлады. Олар: «Самұрық-Қазына» АҚ-ның Басқарма Төрағасы Нұрлан Жақыпов пен «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясының Басшысы Елжас Отыншиев. Құзырлы органның мәліметінше, олар сыбайлас жемқорлық жасады деген күдікпен қолға түскен.
ҚР ҰҚК БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ:
Істің барлық мән-жайларын анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жүргізілуде. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысы туралы өзге ақпарат жария етуге жатпайды. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау және «Заң және тәртіп» қағидатын сақтау аясында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жұмыстары жалғасуда.
Ведомствоның хабарлауынша, күдіктілер кеше, яғни 11 қарашада қолға түскен. Ұсталғандарын айғақтайтын фото-бейнежазбалар да желіде тарады. Мына кадрда Жақыпов үй киімімен құқық қорғау органдарының қызметкерлерінің алдында тұр. Екінші бейнежазбада Елжас Отыншиевті бірнеше адам қолтықтап әкетіп барады. Алайда бұл кадрлардың мән-жайына қатысты әзірге ресми түсініктеме жоқ. Енді күдікке ілінген басты фигуранттар туралы бірер сөз:.
Нұрлан Жақыпов – 48 жаста. «Самұрық-Қазына» АҚ-ның тізгінін 2023 жылдың сәуір айында ұстаған. Бұған дейін Қазақстанның инвестициялық даму қорын басқарды. Сондай-ақ Rothschild & Co халықаралық қаржы компаниясының Қазақстандағы өкілі, «Қазатомөнеркәсіп» компаниясының басшылық лауазымында және «Астана» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының төрағасы болған.
Елжас Отыншиев – 1987 жылы туған. 2026 жылдың шілдесінде «Қазақстан Темір жолы» АҚ-ның Басқарма төрағасы болып тағайындалған. Мәскеу физика-техникалық институтын тәмамдаған. Консалтингтік компанияда еңбек жолын бастап, кейін салада басшылық қызметтерді атқарды. 2024 жылдан бері директорлар кеңесінің құрамында.
Биыл жауапты қызметке отырған Отыншиев теміржолдағы түйткілдерді шешіп, қор нарығына шығаруға тиіс болған. Ал әлеуметтің әл-ауқатына арналған қорды басқарған Жақыповқа да жақсы іс қылады деп, зор үміт артылған. Дегенмен оның биыл ақпанда Президенттен оңбай сөз естігені есімізде. Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев жетекші құрамның жұмыс істегеннің орнына қонақүйлерде кофе мен шай ішуге әуестеніп, әлеуметтік желіде пікірталас құруға көбірек уақыт бөлетінін айтып, өткір сынға алған еді.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
«Самұрық-Қазына» қоры және ұлттық компаниялардың басшыларымен қатаң әңгіме болды. Компаниялардың құрылымын түбегейлі қайта қарап, жаңа заманға бейімдеу керек. Қосшыдан басшы көп. Басшылық құрамы ел айтып жүргендей «Сол жағалаудың» адамдарына толып қалған. Түскі уақытта қонақүйлерде отырып, пікір алмасып, шай-кофе ішіп отырады. Ашығын айту керек, олардың жұмысқа көміліп жатқан ештеңесі жоқ. Кейде не істерін білмей, әлеуметтік желілерде әркіммен пікір таластырып отырады, тіпті күмәнді пікірталастарға да араласып жатады.
Дегенмен доллардың иесі туралы долбар жасауға әлі ерте. Чемодан толы ақшаға олардың қатысы бар-жоғы әзірге белгісіз. Жағдайдың ақ-қарасын енді құқық қорғау органдары анықтауы тиіс.